Семейде бейнебақылауға түсіретін электр шамын сатқан әйел анықталды
Семейде бейнебақылауға түсіретін электр шамын сатпақ болған әйел анықталды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі. Бұл туралы Семей қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі айтты.
«Hi-tech» жедел-профилактикалық іс-шарасының аясында семейлік тәртіп сақшылары заңсыз сауда сатпақ болған 28 жастағы қала тұрғынын анықтады. Ол 360 градусқа айналып, маңайын түсіретін камера орнатылған электр шамын Олх желісінде жарнамалаған. «Мико» деген есіммен.
Айтпақшы, wi-fi-дың көмегімен камераның түсіргенін тікелей көріп отыруға болады. Заң өкілдерінің айтысынша, бұл – контрафактілік тауар.
Қазір аталмыш іске қатысты Қылмыстық кодекстің 1-бөлім 399-бабына сай сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Айта кетейік, «Hi-tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы интернеттегі заңсыздықтарды әшкерелеуге бағытталған.
Тасқын Болатұлы