ШҚО-да тағы бір есірткі таратушы ұсталды
Фото: ШҚО ПД
Облыс орталығында есірткі таратушы ұсталды. 21 жастағы күдікті Карбышев көшесінде ұсталды.
Ол бұған дейін Алматы қаласында тұрған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Шығыс Қазақстанға мақсатты түрде есірткі тарату үшін келген. Алайда тәртіп сақшылары оның жолын кесті. Күдікті көлеңкелі ісін интернет-дүкен арқылы жүргізген. Кейінірек «үйлестірушінің» нұсқауымен есірткіні Өскеменде таратуға бет алған.
«Полиция қызметкерлері күдіктіні тінтіп, көк изолентамен оралған бума тапты. Ұнтақ және түйіршік зат салынған 30 бума және шалбарының сол қалтасынан бір темекі қорабы тәркіленді. Темекі қорабының ішінде де жасыл изолентамен оралған ұнтақ және түйіршік зат болды», - деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары күдікті ұсталған маңдағы тұрғын үйдің кіреберісін тексеріп, тағы үш полимерлі бума салынған қара түсті барсетка тапқан.
«Сараптамадан кейін тәркіленген заттардың а-pvp есірткісі екені нақтыланды. Салмағы 25 грамнан асады», - деді полиция өкілдері.
Күдікті қамауға алынды. Оның әрекеттері ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша квалификацияланады. Бұл бап бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы тиіс.