ШҚО: 278 адам қызылша жұқтырды
фото: atr.kz
Шығыс Қазақстан облысында 4 қаңтардағы жағдай бойынша 278 адам қызылша жұқтырғаны белгілі болды.
Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Мамандардың айтуынша, қарқынды көрсеткіш деңгейі 38,8 пайызға тең. Өткен жылы осы кезеңде ауру мүлде болмағанын айта кеткен жөн.
Науқастардың негізгі үлесі 14 жасқа дейінгі балалар «тиесілі». 191 жағдай – 68,7 пайыз. Ересектерде 66 жағдай – 23,7 пайыз, жасөспірімдерде 21 жағдай – 7,6 пайыз.
Мамандардың айтуынша, қызылша көбінесі екпе алмаған адамдар арасында таралып жатыр. Сондай-ақ вакцинация туралы мағлұмат алмаған адамдар да ауруға жиі шалдығатын көрінетін.
Елімізде сырқаттың алдын алып, эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу туралы» ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы № 7 қаулысы шығарылғанын естеріңізге саламыз.
Мамандардың айтуынша, қызылшаға және қызамыққа қарсы қосымша иммундау кезінде Үндістанда өндірілген аралас вакцина қолданылады. Бұл вакцина қауіпсіз, әлемнің 70-тен астам елінде, соның ішінде еуропалық елдерде қолданылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған және мемлекеттік тіркеуден өткен.
Қосымша иммундау балалардың тіркелген жері бойынша амбулаториялық-емханалық ұйымдарда тегін жүргізіледі.