KZ
Өскемен
-13°
плотный туман жел 1 м/с, С
498.51 522.84 4.81

Мәдениет қызметкерлері Жамбыл саябағын тазалады

18.04.2024, 17:08 187 Оразай Жеңісұлы

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы  шеңберінде облыс орталығындағы ескі саябақтардың бірі – Жамбыл атындағы саябақтың аумағын тазарту жұмыстарына мәдениет саласының мамандары, кітапхана мен театр қызметкерлері, жиыны 140-тан астам адам  жиналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Қала тұрғындарына көңілді демалыс, таза  ауа, әдемі орта сыйлау үшін саябақтың ішін жаңғыртып, жасартып, жапырақтан арылтып жатырмыз. Кітапханамызда жүзге тарта қызметкер болса, солардың барлығы бір кісідей жұмылып, айналамызды көркейту жұмыстарына қатысып жатыр. Бізде жыл сайын ағаш отырғызу, төңіректі көгалдандыру жұмыстары қолға алынады. Өткен аптада орталық мешіт маңында, қаламыздың басқа да аудандарында көшеттер егілді. Сәуір айында ағаш егу жалғасын таба береді, оған баршамыз үлес қосамыз, – деді Өскемен қалалық мәслихатының депутаты, Пушкин атындағы облыстық кітапхананың қызметкері Әскерхан Ақтай.

Сенбілікке жиналғандар саябақ аумағын шіріген жапырақтар мен қыстай жиналған қоқыстан тазалап, қоршауларын ретке келтірді.

18 сәуір – Халықаралық ескерткіштерді  және тарихи орындарды қорғау күні. Дәл осы күні қаладағы ескерткіштердің маңы тазаланып, жаңғыртылып жатыр. Алайда жылда осы күні аудандар мен қалаларда тазалық жұмыстарын жүргізу жақсы дәстүрге айналған болатын.

– Біз барша азаматтарды елімізде басталған тазалық акциясын қолдауға шақырамыз. Егер әркім өз ауласынан, өз маңынан таза ұстаса, қаламыз да таза әрі көркем болары сөзсіз, – дейді ШҚО тарихи-мәдени мұраны қорғау мекемесінің бөлім меңгерушісі Айгүл Чукаева.

Шығыс Қазақстан облыстық жас көрермен театрының көркемдік жетекшісі, актер Едіге Қайыртайұлы Жаңа Қазақстан ең әуелі Таза Қазақстан болуы керек деген пікірде.

– Республика көлемінде жүріп жатқан тазалық акциясына біздің театр ұжымы да атсалысып, сенбілікке шықты. Көктемнің өзі жаңаруды, жаңғыруды білдіреді Сәуірдің самалы жеткен сәтте айналамыздың барлығы таза болып тұрғаны қандай жақсы! Қаланың демалыс орындарына бала-шағамызбен жиі барып тұрамыз. Көбінесе Самал саябағына барамыз, өйткені балалардың ойнауына өте қолайлы жер. Ал Жамбыл саябағы шығармашылықпен айналысатындар үшін тыныш, жеке қалып ойлануға мүмкіндік беретін орын, – деді Едіге Қайыртайұлы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу