«Жүргізуші қашып кеткен...» ШҚО-да жеңіл көлік пен микроавтобуспен соқтығысты

Жол апаты «Көгілдір бұғаз» демалыс базасына таяу маңда болған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің деректеріне сүйенсек, 38 жастағы жүргізушісі Toyota Camry маркалы көлікпен демалыс базасынан шығып, «Өскемен – Алтай – Рахман қайнары» тасжолына беттеп келе жатқан. Трассаға таяған кезде қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mersedes маркалы шағын автобуспен соқтығысады. Содан кейін жеңіл көлік жүргізушісі жол апаты болған жерден қашып кеткен.
– Жол-көлік оқиғасы салдарынан микроавтобустағы кәмелетке толмаған екі жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді. Алайда дәрігерлер тексеруден кейін ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ екенін айтты, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Келесі күні оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды. Куәландыру жүргізілді. Соған сәйкес енді оны әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданады.