1943 жылы соғыста өлген солдаттың сүйегі Өскеменге жеткізіліп қайта жерленді
Оның мүрдесі Ресейдің Орлов облысынан табылып, қайта жерлеу үшін бүгін туысқандарына берілді. Ақтық сапарға құрмет барлық сән салтанатымен облыс орталығындағы қос өзеннің түйіскен тұсында Даңқ мемориалында көрсетілді.
Риддерлік жерлесіміз Филипп Антропов алдымен 1939-1940 жылдары Фин шайқасына қатысып, туған қаласындағы Тишин руднигіне қайтып оралады, алайда 1942 жылы неміс басқыншыларына қарсы қайтадан майданға аттанады. Алайда, қайта оралмасын өзі де білмеген еді...
Ол 1943 жылы майдан даласында ерлікпен қаза табады. Салтанатты соңғы сапарға облыстық ардагерлер кеңесінің басшылығы, әскерилер, құқыққорғау органдарының басшылығы және қала тұрғындары қатысты.
– Бұл соғыс бізді бірге туғандардан, ет жақын туыстардан айырды. Арада осыншама уақыт өткенде өзін бостандық пен тәуелсіздік жолында құрбан еткен жерлесіміз туған жеріне «оралып» отыр. Бүгінгі шараның біз үшін мәні ерекше, себебі бұл соғыс бәріміздің отбасымызға қайғы әкеліп, жүрегімізді жаралап кетті, - дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев.
Атап өтерлігі, майданда шейіт болған боздақтың туған жеріне «жетуіне» қазіргі уақытта немересі еңбек етіп жүрген «Казцинк» ЖШС үлкен көмек берген. Мүрдені РФ Кром кентінде немересі Игорь Антроповқа табыс еткен.
– «Казцинкке» алғысымыз шексіз, бұл біздің отбасы үшін баға жетпес маңызды жайт, - дейді ол.
Тарқатып айтсақ, Қызыл әскердің сүйегін ресейлік «Гвардия» және «Батальон» іздеу жасақтары тапқан екен. Іздеушілердің айтуынша, бір мезетте қаза тапқан бес солдаттың үшеуінің ғана мәліметтері табылған. Жауынгер Филипптің солдаттық медальоны, жеке басының құжаттары сол қалпында сақталыпты. Онда 1912 жылғы екені, аты-жөні - Антропов Филипп Иванович екені, соғысқа Лениногордан шақырылғаны (қазір Риддер) жазылған.
– Арада 75 жыл өткенде атамыздың тағдыры туралы біліп отырмыз. Біздің отбасы қандай да бір дерек табу үшін осы күнге дейін көп ізденген болатын. Өкінішке орай, екі жыл бұрын әкем де еш хабар таба алмастан қайтыс болды. Ағалары да өмірде жоқ, майдангердің үш ұлы да бұл күнді көре алмай арманда кетті, - дейді Игорь Антропов.
Екінші дүниежүзілік сұм соғыстың құрбаны болған солдат салтанатты шарадан соң ұлдары жерленген Жаңа Соградағы зираттан мәңгілік мекенін тапты.