KZ
Өскемен
+6°
ясно жел 1 м/с, С
480.11 532.25 5.14

Шығысқазақстандық армяндар

19.09.2018, 04:55 229

Қазақстанның әр өңіріндегі сияқты еліміздің шығысын да отыздан аса этнос өкілдері мекен етіп келеді. Облыс орталығы Өскеменде осылардың басын қосып, өзара ынтымақтарын жарастырып отыратын бірден бір орын – Достық үйі. Атына заты сай осынау қадір-қасиеті ерекше, босағасынан төріне дейін кірген адамның бойына жылылық пен ізгі сезімді татулықтың шуағын төгіп тұратын рухани орданың ішінен мен Армян этномәдени орталығының төрағасы Дживан Манучарянды іздеп тауып алдым. Неліктен нақ осы орталықты таңдауымның себебі де жоқ емес, 1988 жылғы Спитактағы алапат жер сілкінісінің зардабын жоюға көмекке барған шығысқазақстандық құрылысшылармен бірге сол елде бір ай іссапарда болғаным бар еді.


Біз осы мәдени орталыққа қарасты жексенбілік мектептің армян тілін оқытатын сыныбында кездестік. Орта бойлы, мығым денелі, тау халқына тән қыр мұрынды, қою қалың қасты, елудің жуан ортасындағы Дживан Оганесович тұйықтау, тым ашық әңгімеге ниет танытпағандай көрінді. Менің есіме осыдан отыз жыл бұрынғы Арменияға барған сапар кезіндегі бір оқиға түсті...


...Біздің құрылысшылардың базасы орналасқан Арагац ауданының Ереваннан бір жарым сағаттық жердегі Цилкар селосын "Арменияның Сібірі" дейді екен. Өйткені теңіз деңгейінен екі жарым мың метрге жуық жоғары орналасқан бұл маңай - елдегі ең бір салқын жер. Көкөніс өспейді. Қияр, помидор, сәбіз, капуста сияқты көкеністі өздерінен ойпаңдау жерде орналасқан 30-40 шақырым жердегі елді мекендерден сатып алады.


Жүз шақты ғана үйі бар шағын ауыл биік таудың етегін баса қоныс теуіпті. Кейбір көшелерінде мүк басып кеткен, кісі бойы тас дуалдар, ал негізінен қираған, бұзылған үйлер, үйінділер, көң-қоқыс. Ең жоғарыда ақ қаңылтырдан үшбұрыштап орнатқан биік ескерткіш ауылдың сәукелесі сияқты көзге алдымен шалынады. Арменияның ұлттық киіміндегі әйел-ана каска киген жауынгер ұлының басын құшып, аза тұтып отырған барельеф отыз метрлік ескерткіштің орта тұсынан төмендеу ойылып жасалған. Оның сырт жағындағы ақ мәрмәрға осы селодан Ұлы Отан соғысына аттанып, оралмаған алпыс боздақтың есімі қашалып жазылған... Олар соғыстан оралмағандар ғой, осы жер сілкінісінен де түрлі жүмыспен Спитакта, Кировоканда, Ленинаканда жүрген отызға жуық цилкарлық құрбан болған екен, бірқатары жарақат алған... Бейбіт күнде қыршын кеткен жандардың өкініші тіпті қиын ғой.


- Жұмыспен келдің бе, әлде қызық көрейін деп келдің бе?


Ауыл ортасындағы үйездеп тұрған меншік отарындағы қойларын қырқып жатқан Сурен қарт қайшысын қоя тұрып, жанына жақындаған маған жақтырыңқырамай, тіктеп қарады.


- Апатты жерде қандай қызық болсын, сіздердің жағдайларыңызды, біздің қүрылысшы жігіттердің халдерін білейін деп арнайы жұмыспен жүрген журналистпін.


- Е, онда жөн,- деп қайшысын қайтадан қолына алып, қырқымын тоқтатпай, жылы қабақ танытқан ақсақал әңгімесін айта бастады. «Цилкар - үлкен тас,


немесе тас өскен жер» деген мағынаны білдіреді. Міне, көріп тұрсың ғой, біздің жемісіміз - тас,- деп Сурен аға ауыл маңындағы жаралғалы шөлі бір қанбай кенезесі кеуіп, кеберсіп жатқан қойтасты даланы меңзеді. Одан соң қай жақтан келгенімізді сұрап, Желтоқсан көтерілісінен хабары бар ақсақал қазақтардың батыл, қаһарман халық екеніне тоқталып, біздің құрылысшы жігіттерге алғысын білдіріп, жадырай бастаған еді...


Мен елдерінде болғанымды айтып, екеуімізде ортақ әңгіме туа бастаған соң сұхбаттасымның қабағы ашылып, жадырап, сөзіміз жараса бастады. Сурен ақсақалды еске ала отырып, қаншалықты лауазымды болса да бір көрген адамға елпілдей бермейтін, еңселері тік, өзінің қадір-қасиетін жоғары ұстайтын, бойларына қанмен тараған ұлттық мінезге баладым Дживанның ұстамдылығын.


Дживанның өзі де ауылдың баласы екен. Арменияның Агарцин атты шағын ауылында туып-өсіп, Дилижан қаласындағы радиотехникумды бітіріпті. Сол қаладағы бес мыңға жуық жұмысшысы болған қорғаныс өнеркәсібіне қарасты «Импульс» заводында еңбек еткен екен.


- Өзіңіз білесіз, 1988 жылғы желтоқсандағы жер сілкінісі бүкіл Арменияны тұралатып кетті ғой. Одан соң Одақ тарап, өліара кезінде көмектің барлығы сап тиылды. Міне, содан бері отыз жыл өтсе де, осы күнге дейін тірліктерін жер кепелерде өткізіп келе жатқандар аз емес ол жақта... Сол қиындықтың салқыны бізге де тиді. Жер сілкінісінде Дилижанның жартысы қирап, тіршіліктің біразы тізгінделді: жарық жоқ, жылу жоқ, тамақ жоқ, жұмыс жоқ. Сондай адам төзгісіз жағдайда төрт жылдай шыдадық, отбасым бар, кішкентай екі қызым бар, шыдам бітті... Содан «жерұйықты» іздеп, таңдауым Қазақстанға, оның ішінде осы Өскеменге түсті.


- Ол кезде екінің бірі ала дорба арқалаған қиын кезең, тіршілік бұл жақта да мәз емес еді ғой?..


- Жоқ, бейнелей айтсақ, тозақтан жұмаққа келгендей болдық. Ең бастысы жылу мен жарық болды ғой. Жергілікті халықтың тарапынан да жылылық пен жанашырлықты, ізгілік пен ілтипатты сезіндік. Ал енді істеймін деген адамға жұмыс қашан да табылады. Мен радиотехник қана емеспін, станокшы-координатшы және тігінші деген мамандықтарым да бар. Біраздан соң елден інім мен апайымды да осында көшіріп алып, кәсіпкерлікпен айналысып келеміз...


Дживанның естелігінен кейін менің есіме жер сілкінісінің эпицентрі болған сол кездегі Спитак оралды: қаланың көрінісі тас болып қатып қалған жүректі елжіретердей ауыр... Биік үйлердің, әсіресе, Черемошка аталатын микроаудандағы биік үйлердің жоғарғы қабаттарының сорайған бағаналары ғана қалған, үйінділер әлі аршылып жатыр. Қала ортасындағы көп үй Сталинградтағы тозақ отынан шыққан Павлов үйінің қаңқасын елестетеді. Ол - соғыс, мынау - табиғат апаты.


Қант заводының бірнеше корпусы, астық қабылдау пункті, тұрмыстық қамту комбинатының да саудыраған қаңқалары қалған. Қыста аршылған бүкіл үйінді шыға берістегі үлкен сайға төгілген екен, оның өзі бір қаланың орнын алып жатыр...


Спитакқа құлай берер асудағы ескі зират төрт-бес еседей өсіп, бергі беттегі кең жазықты түгел алып кетіпті. Күннің қай мезгілінде де мұнда адамдар


жүреді: қабір топырағынан уыстап алып шерменде көңіл көкірегіне басады, қап-қара мәрмәрдің шаңын сүртеді, егілген гүлді суарады, жас гүл шоқтарын қояды, семьясының сапардан қайтып оралар бір мүшесіндей үнсіз өксіп, қара жермен сыр ақтарысады.


Орталық аркадан кіре берістегі сол жақтағы бес тебешікке өзгелердікіндей әдемі мәрмәр тас орнатылмапты. Қоршауы да жоқ. Әр қабірдің басына шаншылған қаңылтыр тақтайшаға аты-жөндері жазылған:


Егизарян Оганес - 1911 жылы туған;


Егизарян Рима - 1939 жылы туған;


Егизарян Андрамик - 1963 жылы туған;


Егизарян Анаит - 1948 жылы туған;


Егизарян Андреаник - 1988 жылы 28 августа туған.


Өлген кундері - бірдей. 1988 жыл, 7 декабрь. Бүкіл бір семьяның шаңырағы күйреп, әулеті үзілді деген осы...


- Андреаник деген нендей мағынаны білдіреді?- деп сүрадым жанымда жүрген Сержден.


- Үлкен адам, баба деген сөз...


"Байғұс бала, ата-анаң сенің атыңды жаңылысып қойған екен, ана құрсағынан жер қойнына ену үшін туған бақытсыз балапан-ай". Жан-жүрегіңді елжіретер ащы бір өксік бойыңды жайлап, еңсеңді түқырта түседі.


2000 жылы құрылған «Арарат» қоғамына облысқа танымал құрылысшы Арсен Геворкян, одан соң ұлағатты ұстаз Карен Нариманян жетекшілік етіпті де, соңғы он жыл облыстық армян этно-мәдени бірлестігіне Дживан Манучарян басшылық жасап келеді екен.


- Ең алғашқы жұмысымды қаладағы Свято-Троицк шіркеуінің жанына христиандық Хач Кар (крест белгісі салынған құлпытас) орнатуды ұйымдастырудан бастадым. Жырақта жүргенімен әр адам өзінің тарихи Отанымен байланыстылығын сезініп, оның тарихына тағзым етіп, ұлттық салт-дәстүрлерін қастерлеп, тілі мен мәдениетін сақтауы керек деп ойлаймын. Жалпы облыс бойынша сегіз жүзден аса армян азаматтары тұрады, олар көбірек шоғырланған Семей қаласы мен Шемонайхада этно-мәдени орталықтар жұмыс істейді. Өскемендегі және аймақтағы келе алатын қандастарымыздың барлығы 24-сәуір – Армяндықтар геноцидін еске алу күні мен 7-желтоқсан – Жер сілкінісі құрбандарын еске алу күні сияқты халықтық аза тұту күндері сол Хач Кар жанына жиналып мінажат етеміз, қаза болғандарды еске алып ғибадат етеміз. Оның құрылысына елшілік арқылы Армения үкіметі де қол ұшын берді. Арменияның Қазақстандағы елшісі Ара Саакян осы Шығыс Қазақстанға үш рет келіп қайтты, бізге оқу құралдары мен армян тіліндегі кітаптар әкеліп, хореографиялық ұжымымызға ұлттық киімдермен де көмектесті. Жалпы, тарихи Отанымызбен байланыс жаман емес. Міне, алдағы қазан айының 13-14-жұлдызында бүкіл ел болып Ереванның 2800 жылдығын тойлағалы жатыр, соған бізге арнайы шақыру жіберіпті, қалта көтерсе барып қайтуды жоспарлап отырмыз...


Патшалық болып негізі сонау ІҮ ғасырда қаланған армян халқы өзінің сан ғасырлық тарихында жатжұрттықтардың езгісінде болып, тағдырдан аз таяқ жеген жоқ. Соның бірі – 1965 жылдан бері мемлекеттік деңгейде атап өтіліп


келе жатқан османдық Түркияның армяндарға жасаған геноциді. 1915 жылғы түріктер қырғын жасаған жерді де арнайы барып көріп едім, сол көз алдыма келді: Ленинаканның маңайындағы Джаджура асуынан құлай берер ұрымтал жердегі бір жылғада орнатылған үш діңгек тәріздес алып ескерткіш, үшеуінің басында да азалы үнмен, сай-сүйегіңді сырқырата күңіреніп тұрған қоңыраулар – сол 1915 жылғы түріктер қырғынын бейнелейді екен. Ал енді ел аумағының қырық пайызын қамтыған мынау жер сілкінісі 25 мың адамның өмірін қиып, 19 мың адамды мүгедек етті, 21 қала мен 324 село жермен жексен болып қирады.


Жергілікті құрылыс материалы - туф өндіретін Кахнахпюр карьеріндегі үлкен бір қойтасты жарып отырып, күн шапағына қарай созыла өсіп келе жатқан көздің жауын алар бір шоқ қанқызыл гүлді көріп едім. Өмірге деген неткен қүштарлық десеңізші! Бүкіл Арменияны қүрылыс алаңына айналдырған, үйінді мен құлпытасты көбейтіп кеткен табиғат апатының зардабы, әрине, ешқашан ұмытылмайды. Алайда, өмір - өзен, ағысы тоқтаусыз ғой. Ұрпақты ұрпақ алмастырып, ескі қаланың орнына жаңа қала орнап, армян халқы да өзінің ауыр да бейнеті мол тарихының тағы бір жаңа парағын ашары сөзсіз деген ой оралып еді сонда санаға...


- Жазда Таулы Үлбіде, табиғат аясында арнайы қой сойып, вартавар аталатын ұлттық мерекемізді тойладық, біз де қазақтар сияқты етті тәуір көретін халықпыз ғой, - деп әзілін қыстырып қойды Дживан, - екі жүздей адам жиналды, өте көңілді болды. Тағы бір атап өтетін ұлттық мейрамымыз – джангюлю, онда негізінен би мен музыкаға көп орын беріледі. Ал жылда 13-ақпанда «Тырындыз» мерекесін тойлаймыз. Жастардың көпшілігі сол кезде отау құруға тырысады. Сол мерекеде алау жағып, үйленген жастар от үстінен секіреді.


Армян этно-мәдени орталығының бір қазынасы – Армениядан іздестіріп тауып, келісіп, осы Өскеменге алып келген, Ереван мемлекеттік университетінің түлегі, өзі филолог, өзі хореограф-биші Сона Бениаминовна Саакян екен. Осындағы жексенбілік мектепте балаларға да, тілек білдіруші ересектерге де армян тілін үйретеді және осы орталықтың жеті адамдық бишілер тобы мен өнер ұжымына жетекшілік етеді екен.


- Армян әліпбиі ең көне әліпбидің бірі, Ү ғасырдағы Месроп Маштоцтың жасап кеткен 36 әріптік нұсқасы. Одан бері тек үш әріп қосылды. Мектебімізге армяндар ғана емес, қазақ және орыс балалары да келіп оқып жүр , - дейді Сона Бениаминовнаның өзі бізге әліпбиді, армян тіліндегі кітаптар мен журналдар жинақталған сөрелерін көрсетіп.


Орталықтың жұмысына Сероп Геворкян, Анушаван Степанян, ағайынды Амик пен Грачик Тумасяндар сияқты белсенді азаматтар атсалысып, ұйытқы болып жүреді екен. Осындағы өзге де этно-мәдени орталықтармен тығыз байланыста жұмыс істейтіндіктерін, Достық үйінің қай істе болсын көмектесіп отыратындығын айта келе, төраға өздерінің тарихи Отанының шағын бөлігіндей жеке бір ғимарат салып, ішін ұлттық нақышта безендіріп қойғымыз келеді деген арман-жоспарларымен де бөлісті.


Қоштасар кезде этносаралық қатынастар мен халықтар достығы саласындағы, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу бағытындағы мемлекеттік саясатқа деген көзқарасын сұрадым. Біраз ойланды, ойын жинақтағаны болуы керек.


- Бүгінгі таңда конституциялық мәртебе алған, республика Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқына ие болған, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» қабылданған арнайы Заңы бар жағдай әлемнің бір де бір мемлекетінде жоқ. Бұл –тікелей Елбасының еңбегі екені сөзсіз. Ел Президентінің төрағалығымен Ассамблея мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге, оны жүзеге асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге айтарлықтай ықпал жасап келеді. Мен біраз жылдан бері сол Ассамблеяның мүшесімін. Жыл сайынғы сессияларға қатыса отырып, бұл беделді құрылымның өзінің басты мақсаты болып табылатын қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда, өзара татулық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде елеулі жұмыс істеп келе жатқандығына куә болып келемін, - деп бір тыныстап алған төрағаның әңгімесінен саясатқа әжептәуір төселіп алғаны аңғарылып тұр.


- Еліміздегі дәл осы біздікі сияқты жүзден аса этностың басын біріктіріп отырған бірегей құрылым тарихи Отанымыздан жырақ жүрсек те әрқайсымызға өз халқымыздың мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін зерделеп, сақтау үшін қажетті жағдайдың барлығын жасап отыр. Өзің ауасын жұтып, суын ішіп, өмір сүріп, ұрпағыңды өсіріп отырған екінші Отаныңның өркендеуіне адал қызмет істеп, ұлтыңды ұятқа қалдырмасаң - патриоттық деген, меніңше, сол болады. Әрине, бүгінгі күні белең алып кеткен, әсіресе коррупция сияқты кемшіліктердің де аз еместігін мойындауымыз керек. Ал, жалпы, ынтымағы мен бірлігі жарасқан, дос елдердің барлығына есігі әрдайым ашық бейбіт елімізді, алға қарай қарыштай дамып келе жатқан Қазақстанымызды мен әрдайым мақтан етемін!


Сынып бөлмесіне сабаққа келген оқушылар кіре бастады.


- Міне, көрдіңіз бе, өзімізге жеке бір офис салып алмасақ болмайтын сияқты, - деп жылы жымиған төрағамен біз де жылы қоштасып, далаға, күздің лебі күшіне ене бастаған қыркүйектің дымқыл ауасына шықтық.


Айтмұхамбет Қасымов,


Қазақстанның Құрметті журналисі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив