KZ
Өскемен
+11°
переменная облачность жел 1,3 м/с, В
480.11 532.25 5.14

Армения мен Шығыс Қазақстан арасында ынтымақтастық арта түспек

27.04.2014, 18:00 169



Шығыс Қазақстан облысына Арменияның еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Ара Саакян келіп, өңірдегі армян диаспорасының өкілдерімен жүздесті, сондай-ақ, ол Өскемен қаласындағы бірқатар мәдени-спорттық нысандарды, сауда орындарын аралап көрді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Ал Армения Республикасы мен Шығыс Қазақстанның ынтымақтастық мәселелері облыстық әкімдікте талқыға салынды. Аймағымызға алғаш рет іссапармен келген Армения Республикасының елшісі Ара Саакянды облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев қабылдады. Кездесу барысында Шығыс Қазақстан мен Армения арасындағы экономикалық әрі мәдени әріптестіктің келешегі талқыланды.

- Менің іссапарымның мақсаты - аймақпен жақынырақ танысу. Шығыс Қазақстан - даму қарқыны жоғары өңірлердің бірі. Өскемен өте әдемі қала екен, Жеңіл атлетикалық манеж бен Жекпе-жек сарайында, «ФрешМаркет» гастрономында болып, басты көшелерімен жүрдім. Ал Алтайдың таулары туған жерімді еске салды. Алда бізді өзара тиімді ынтымақтастық күтіп тұр, - деді Ара Саакян.

Елші Армения мен Қазақстанның саудаэкономикалық және стратегиялық әріптестік қатынастары жөнінде қысқаша мәлімет берді. Екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы 8 миллион долларды құраған, оның 2 миллионы біздің облысқа тиесілі. Бұл, әрине, аз. Қазақстаннан Арменияға негізінен мұнай өнімдері, астық пен металл, ал Армениядан бізге электр құрал-жабдықтары мен алколгольдік ішімдіктер, атап айтсақ, әйгілі кавказдық коньяк жеткізіледі. Елшінің айтуынша, Өскеменде болған екі күн ішінде көптеген жоспарлар жасалған, ол енді өңірімізбен өзара тиімді қарым-қатынастарды өркендету үшін Шығысқа жыл сайын келіп тұрмақ.

Кездесуде Арменияның Кедендік одаққа енуіне қатысты экономикалық мәселелер және энергетика саласы, сонымен қатар, мәдени байланыстар қарастырылды. Арменияда су энергетикасы жақсы дамыған, тіпті, кіші-гірім ауылдардың өзінде шағын су электр стансалары бар. Сондай станцияларды Шығыстың таулы өзендеріне де қоюға болады, бұл ретте армян инженерлері көмек көрсетуге әзір. Армения Кедендік одаққа осы жылдың жазында енеді, бұл екі ел арасындағы сауда-саттықтың жаңа деңгейде өркендеуіне негіз болмақ.

Қабылдау барысында Ермек Көшербаев елшіге өңір туралы, оның әлеуметтікэкономикалық жағдайы мен көліктіклогистикалық әлеуеті жайында айтып өтті. Сондай-ақ, облыс әкімдігі тарапынан алысжақын шет елдермен қарым-қатынастарды орнату мен нығайту жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар бағытымен таныстырды.

– Шығыс Қазақстанның табиғаты бай. Мұнда туризмді дамытуға зор мүмкіндік бар. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, білім мен ғылым саласында да бірлескен жобаларды қолға алуға болады, әсіресе, қайта өңдеу саласының берері мол, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Ара Саакян жылы қабылдаудан және облыс орталығын аралаудан өзінің жағымды әсер алғанын білдірді. Жергілікті көрнекті орын – этноауыл туралы жеке пікірімен бөлісті, онда ол Қазақстан армян шіркеуі қауымдастығының дінбасы Тэр Маркоспен бірге болған.

– Біз Өскемендегі Достық үйіне бас сұғып, армян орталығына кітаптар тарту еттік. Әсіресе, этноауылдан ұмытылмас әсер алдық. Шындығында, бұл көруге де, көрсетуге де тұратын керемет орын екен. Маркос мырзамен бірге армян үйін көріп, оған дәстүріміз бен тұрмысымызды паш ететін қосымша дүниемүліктер қоюды ұйғардық, – деді елші.

Сонымен қатар, мәртебелі мейман Өскеменге армян шіркеуін салу туралы да ойын білдірді:

– Біз мұнда армяндардың рухани қажеттілігін қанағаттандыру үшін кішкене құлшылық ететін орын салғымыз келеді. Менің пайымымша, ол шағын ғимарат қалаға көрік беріп, оның ажарын аша түсетін болады.

Ара Саакян облыста тұрып жатқан бір мыңнан астам армян үшін шіркеу діни жоралғылар мен неке қию салттарын өткізуге арналған негізгі орынға айналатынын атап көрсетті. Елшінің айтуына қарағанда, құрылыс шығындарын армян тарабы өз мойнына алады. Ермек Көшербаев аталмыш мәселе жуық арада қарастырылатынын жеткізді. Мұнымен қоса, елші жергілікті қандастары Өскеменде тағы бір ұлттық мейрамхана ашуды көздеп отырғанын да алға тартты, қазір қалада «Арарат» атты мейрамхана табысты жұмыс істеуде.

– Айастан (армяндар өз елдерін осылай атайды – авт.) – жер көлемі жөнінен Шығыс Қазақстаннан он есе кішкентай мемлекет, десек те, халқымыздың саны үш миллионнан асады. Қазақ және армян халықтары бұрыннан да достық қарым-қатынаста. Кеңестік кезеңнен келе жатқан достығымыз нығая берсін. Шығыс Қазақстан облысы басшылығына көрсетіп отырған қолдаулары үшін алғыс айтамын, Шығыс Қазақстан тұрғындарына береке-бірлік және барша жақсылықтарды тілеймін! – деді елші мырза бізге берген сұхбатында.

Кездесуді қорыта келе, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев және елші Ара Саакян ескерткіш сыйлықтармен алмасты.

Ержан Әбіш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив