Альпинистерді облыс әкімі күтіп алды
Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің айтуынша, Мұзтау альпинистердің ғана емес, әлемдегі түрлі конфессия өкілдерінің де қызығушылығына ие шыңдардың бірі әрі бірегейі. Дәл осы Мұзтау баурайына жыл сайын Тибет монахтарының арнайы келіп, ғибадат етуі соның бір айқын дәлелі бола алады. Олардың сенімі бойынша мұнда ежелгі аңыздар елі Шамбаланың қақпасы орналасқан-ды.
– Алтай – адамзаттың алтын бесігі, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов Мұзтауға шыққан альпинистерге өңірдің саналуан археологиялық нысаны туралы ақпарат бере келе.
Кездесу барысында альпинистер сапардан алған әсерлерімен бөлісіп, алдағы жоспарлары туралы айтып берді. Сөз арасында Даниал Ахметов таулы аймақтар мен осындай танымдық экспедицияларды өзі де тәуір көретінін айтып, осыдан үш жыл бұрын Мұздауды бағындырмақшы болғанын, алайда қауырт жұмыс пен уақыттың тығыздығына байланысты ол ойы жүзеге аспай қалғанын жеткізді.
Естеріңізге салайық, аталмыш экспедиция мүшелері еліміздің үш өңірінің, яғни Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы аймақтарына сапар жасап қайтпақ. Бұл іс-шараға 100-ден астам адам қатысуда. Олардың қатарында кәсіби альпинистер, тәжірибелі саяхатшылар, журналистер мен танымал интернет-блогерлер де бар.