KZ
Өскемен
+15°
пасмурно жел 4 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

Шығыстың айтыскер ақыны Серікхан Жақиянов өмірден өтті

6.05.2018, 04:05 444

Шығыстағы айтыскер ақындар легінің аға буын өкілі Серікхан Жақиянов өмірден өтті. Бұл туралы оның жақын туыстары хабарлады. 1980 жылдардың ортасынан бастап айтыс сахналарында жарқырап көрінген Серікхан ақынды халқы еркелетіп қарақасқа ақын атап кеткен. Аяулы ақынның қазасына қабырғалары қайысқан інілерінің бірі Есімжан Нақтыбайұлы фейсбук парақшасына былай деп жазады:


«Қайран Қарақасқа! Жалғанның базарынан өтіпті есіл ер. Соңғы сұхбатын Серік Құсанбаев ағамыз алып еді. Мұратхан Кенжеханұлы үшеуіміз көңілін сұрай барғанда "Мен өлмеймін, жазыламын" деп қалып еді. Саналы ұрпағы мен саф алтын жыры барда Серікхан Жақиянов өлмейді. Бақұл бол, Тарбағатайдың тарланы».


Ол 1959 жылы 18 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Қабанбай ауылында дүниеге келген. Көлбай Төгісов (бұрынғы Надежда Крупская) мектебінде 8 сыныпты бітірген (1966-1974). 1976 жылы кеңшар жолдамасымен аудан орталығындағы Ақжар селосында кәсіптік техникалық қысқартылған мерзімдегі 1 жылдық училищені бітіріп тракторист мамандығын алған. 1977-1979 жылдары әскер қатарында болған. 1981 жылы қазіргі Риддер қаласында қысқартылған мерзімде 1 жылдық мамандығы бойынша жоғарылау курсында оқып, жетекші ел басқару мамандығын алып шыққан. 1982 жылы трактористер жетекшісі болып тағайындалған.       Еңбек ете жүріп 1984 жылы күз айында аудандық айтысқа қатысып, І орынға ие болып, сол жылы облыстық ақындар айтысына қатысып І орын алып, облыстың бас ақыны атағын алған. Ауылдық мәдениет үйінің директоры (1987), аудандық мәдениет бөлімінде автокөліктер клубының меңгерушісі (1988) болып еңбек еткен.


Бірнеше облыстық, республикалық айтыстардың жүлдегері болды; Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы ақын Манап Көкеновпен айтысып батасын алған (1988). Оның ақындығына риза боп, болашақ өнеріне сенім артқан Манап ақын басындағы тақиясын кигізіп, 18 жыл ұстап келе жатқан домбырасын өз қолымен Серікханға ұсынған.


Талдықорған қаласында өткен «Біржанның інілері, Сараның сіңлілері» атты республикалық ақындар айтысына қатысып жеңіс тұғырынан көрінген. Ақтөбе облысының 120 жылдық тойы мен Құдайберген Жұбановтың 90 жылдық мерейтойына арналған айтыста жүлдегер атанды.

Торғай облысында «Үш арыс» деп аталған республикалық айтыстың бас жүлде, Қостанай қаласында өткен Ы. Алтынсарин атындағы айтыстың І орын, Семей қаласында өткен желтоқсанға арналған республикалық айтыста бас жүлде, Тарбағатай ауданында Қабанбай батырдың 300 жылдық мерейтойына арналған республикалық айтыстың І орын (1992) иегері. Алматы қаласында өткен халықаралық ақындар айтысының жүлдегері.


Ақынды ақтық сапарға шығарып салу рəсімі 7 мамыр күні сағат 11.00-де Өскеменнің іргесіндегі Меновное ауылының зиратында өтеді. Сүйегі Ұлан ауданының Отрадное ауылындағы үйінен шығарылады.


Бақұл бол, қайран ақын аға!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив