KZ
Өскемен
+14°
ясно жел 2 м/с, С
441.58 480 4.86

Шығысқазақстандық татами шеберлері Ақтөбеде он жүлдеге ие болды

15.11.2017, 08:31 109

Ақтөбе қаласында дзюдодан ел біріншілігі мен Қазақстан кубогы үшін жарыс мәресіне жетті. Байрақты бәсекенің соңғы күнінде шығысқазақстандық татами шеберлері төрт жүлдеге ие болды.


Жалпы, бұл жарыс күні сегіз дзюдошымыз белдескен болатын. Жоғарыда айтқандай, сол сегіздің төртеуі жүлделі орынға ілікті. Олардың ішінде салмағы 78 келіден жоғары қыздар бәсекесінде өнер көрсетіп, чемпион атанған Гүлжан Исанова мен 100 келіден жоғары ерлер сайысында күміс жүлдеге ие болған Талғат Әміреновтің жетістіктерін атап өткен орынды. Сондай-ақ жарыстың соңғы күні Жасұлан Мұхаметханов (100 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) пен Назерке Тілеухан (78 келіге дейін) қола жүлде иегерлері атанды. Айта кетейік, Ақтөбедегі ел біріншілігінде шығысқазақстандық дзюдошылар екі алтын, бір күміс және бес қола медальға ие болып, жалпыкомандалық есепте Оңтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласы спортшыларын алға жіберіп, тұғырдың үшінші сатысына тұрақтады.


Чемпионаттың алғашқы күндерінде облысымыз атынан сынға түскен Ерлан Серікжанов (66 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) алтыннан алқа тақса, Назгүл Елмұратова (52 келіге дейін) мен Төлеген Нұрғалиев (66 келіге дейін) үшінші орыннан көрінді. Сондай-ақ бұл күндері Ақтөбеде ел кубогы үшін жарыс та өткен болатын. Бұл сында да жерлестеріміз жүлдеден құр қалған жоқ. Нақтырақ айтсақ, командалық түрде өткен дода қорытындысы бойынша жігіттеріміз екінші орынға көтерілсе (финалда ақтөбелік дзюдошыларға 2:3 есебімен жол берді), аруларымыз үздік үштікті түйіндеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив