KZ
Өскемен
+5°
переменная облачность Штиль
480.11 532.25 5.14

Балаңызды спорттың қай түріне бересіз?

16.11.2015, 18:00 203



Спорттың түрі көп. Ұрпағын салауатты өмір салтымен тәрбиелегісі келген ата-ананың баламды қандай спорт секциясына берсем деп бас қатырып жүретіні бар. Міне, осы мақсатта Өскемендегі олимпиадалық резерв мектебінің денешынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде ашық есік күні өтті.

Ғимарат фойесіндегі қаз-қатар тізілген үстелдерге спорттық үйірмелердің өкілдері мен жаттықтырушылары жайғасқан. Бокс, күрес, волейбол, су добы, велоспорт, суда жүзу дейсіз бе, мұндағы үйірмелердің тізімі үлкен. Балаларын жетектеген ата-аналар әр үстелге бір жақындап, спорт түрлерінің ерекшеліктерімен, секцияға қатысу кестелерімен танысты.

Іс-шара бағдарламасына күрделі жөндеуден кейін қолданылуға берілген бассейн, гимнастика және волейбол залдарының тұсаукесері де кірген болатын. Ашық есік күніне облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысып, кешендегі жаңартылған залдарды аралап көріп, жаттықтырушылармен жүздесті.

- Жыл басынан бері бұл ғимарат - балалар спорт мектебінің теңгерімінде. Мұнда қазір көркем гимнастика, жүзу, волейбол, футбол секциялары орналасқан. Бөлінген қаржыға біз ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа құрал-жабдықтар сатып алдық. Бассейн жаңартылып, оған заманауи үлгідегі сүзгі орнатылды. Судағы поло, жүзу және синхронды жүзу сияқты бөлімдер осы жерде жұмыс істейді,-дейді мекеме директоры Арсен Тен.

Директордың айтуынша, жаңадан жабдықталған залдар таңертеңгі сегізден кешкі онға дейін жұмыс істейді. Алдағы уақытта тұрғындарға арналған ақылы қызметтер де көрсетілуі мүмкін. Бұл – спортшылардың жаттығуы аяқталатын кешкі тоғыздан кейінгі уақыттар шамасында. Ал балаларға спорттық үйірмелер мен барлық қызметтер тегін.

Спорттық үйірмелердің жұмыс кестелерімен танысып жүрген ата-аналардың көбі балаларын жүзу секциясына бергілері келетін болып шықты. Күрес, бокс сияқты үйірмелердің маңында да адам көп. Ұл балаларын жетектеген әкелердің көбі осы маңайда.

Ең аз жазылып жатқан спорттық секция түрі семсерлесу, яғни фехтования болып шықты. Жаттықтырушы Ольга Колмакованың айтуынша, семсерлесу спорты жеткіншектің бойындағы жылдамдық, тез шешім қабылдау сияқты қасиеттерді жетілдіреді екен.

- Семсерлесу - бекзат спорт түрлеріне жатады. Балаларды 7-8 жасынан бастап қабылдай бастаймыз. Өскеменде ертеден қалыптасқан тарихы терең мектеп бар. Біздің үйірмеден шыққан спортшылар көптеген әлемдік сайыстарда топ жарды. Біздегі балалар жаттығу залдарында қалып қоймайды, оқушы кездерінен бастап, әлемді аралап, түрлі сайыстарға қатыса бастайды, - дейді Азия чемпионы Ольга Колмакова.

Велоспорт секциясының жаттықтырушысы Владимир Чаловтың да айтары бар екен.

- Аптасына төрт мәрте жаттығу өтеді. Балаларды 7 жасқа толғаннан кейін-ақ қабылдай бастаймыз. Алғашқы жылы жүгіру, секіру, топтық ойындар, қозғалысқа толы спорттық ойындар арқылы жаттығамыз, одан кейін арнайы велостанокқа көшуге міндеттіміз. Бізге мүлдем жүгіре алмайтындар да келеді. Олардан тәп-тәуір велоспортшы жасап шығарамыз,-дейді жаттықтырушы.

Ал қалың жұрт кезекке тұрған жүзу үйірмесінің өкілі Валентина Петровскаяның айтуынша, жүзу спортына балаларын әкеліп жатқан ата-аналар өте көп.

- Біз балаларды бассейнге шомылуға емес, жүзуге үйретеміз. Алдымен құрғақ залда, одан кейін суда жаттықтырамыз. Балаларға барлық қызмет тегін, - дейді ол.

Ал Испанияның атақты «Реал Мадрид» клубының тәжірибесімен балаларды спортқа баулып жатқан футбол академиясы өз жұмысын бастап та кетті. 700 үміткердің ішінен іріктеуден өткен 60-тан астам бала қазір Гарро Оскар бастаған испаниялық жаттықтырушылардан тәлім алуда. 12-15 жас аралығындағы жасөспірімдер елімізде мүлдем болмаған испандық тәсілдегі футбол ойнау тәсілдерін үйреніп жатыр. Алыстан келген жаттықтырушы осы балалардан мықты команда жасақтап, келешекте қазақ футболының туын көтерер спортшылар дайындауға тырысатынын айтты.

Дарын Нұрсапаров
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив