Жарма ауданының Қалбатау ауылында жақында бой көтерген спорт модулінде аудан әкімі аппараты, мәслихат және дербес бөлім басшылары мен қызметкерлері арасында волейболдан аудан біріншілігі ұйымдастырылды.
Оның басты мақсаты - бұқаралық спортты дамытуға серпін беріп, аудан тұрғындарының денсаулығына ықпал ету, жастардың рухани тәрбиесін жетілдіріп, саламатты өмір салтын ұстанатындардың қатарын толықтыру, мемлекеттік қызметкерлер арасында волейболды кеңінен насихаттау.
Біріншіліктің ашылу рәсімінде аудан әкімі Темірбек Қасымжанов сөз сөйлеп, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Тимур Ауғанбаев жарыс ережелерімен таныстырып, ойынға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Елбасының таяу жылдарда халықтың 30 пайызын бұқаралық спортпен қамту туралы тапсырмасын орындаудың бір тетігі болған волейболдан аудан біріншілігіне 12 команда қатысып отыр. Кеше алғашқы ойында аудан әкімі аппараты мен тұрғын үй-коммуналды шаруашылық және құрылыс бөлімі құрама командалары бақ сынасып, 2:1 есебімен әкім аппаратының құрамасы ұтты.
Мемелекеттік қызметкерлер арасында ұйымдастырылған волейбол ойындары 4 наурыз күні өзінің мәресіне жетеді.
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz