KZ
Өскемен
+11°
переменная облачность жел 1,3 м/с, В
480.11 532.25 5.14

Абай ауданында "Туған жерге - тағзым" акциясының аясында 56 жоба іске асты

29.01.2013, 18:00 235


Абай ауданында «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында соңғы екі жылда 165 миллион теңгенің 56 жобасы іске асырылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Акция аясында Қарауылда жастар үйі, қонақүй, спорт модулі, тарихи-өлкетану мұражайы пайдалануға берілді. Әнет баба мен әнші Жәнібек Кәрменовке ескерткіш орнатылып, Абай, Әуезов, Лермонтов, Гетеге арналған ескерткіштер, Тәуелсіздік монументі жаңартылып, айналасы абаттандырылды.

Аудан орталығында бірқатар көшеге асфальт төселіп, жарықтандырылғанын, футбол алаңы салынып, субұрқақ іске қосылғанын, орталық саябақтың абаттандырылғанын, дала сахнасы орнатылғанын, жылыжай ашылғанын айтпасқа болмайды.
Аудандық кітапхана мен мәдениет үйі, Құнанбай қажы атындағы орталық мешіт, Медеу ауылындағы мәдениет үйі жөндеуден өтті. Өзінің туған жерінде Көкбай ақынның мұражайы ашылды.

Осындай игі шаралардан шалғай ауылдар да кенде емес. Әсіресе, үш тірек ауылындағы оңды істер басқаларға үлгі боларлық. Мәселен, Қасқабұлақ ауылында орталық көшеге асфальт төселіп, екі көше жарықтандырылды, футбол алаңы жасалды. Саябақ қайта жаңғыртылды. Енді мұнда қоғамдық монша салынуда. Көкбай мен Саржал ауылдарында да осындай жақсы жаңалықтар баршылық. Осы Саржал және Медеу ауылдарында хоккей корттары пайдалануға берілді.

Соңғы екі жылда мәдени шаралардың көптеп өткізілгені өз алдына бір әңгіме. Айталық, 2011 жылы мұнда Көкбай Жанатайұлы мен Ақылбай Абайұлының, Шәкір Әбеновтің мерейтойлары рес-публикалық деңгейде аталып өтілді. Соған орай ақындар айтысы өткізілді. Ақын Мерғали Ибраевтың жетпіс жылдық мерейтойы да атаусыз қалған жоқ.

Ал былтыр Мұхтар Әуезовтің 115 жылдығы аталып өтілді. Ауданда соңғы екі жылда демеушілер көмегімен 16 кітаптың жарық көруі де көп нәрсені аңғартса керек. «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің қырық жылдық мерекесі ауданда, Семейде аталып өтті. Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов ауыл өнерпаздарына жеңіл автокөлік сыйлады.

Дәулет Сейсенұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив