KZ
Өскемен
+21°
ясно жел 5 м/с, З
479.05 534.57 5.17

Балалар қашанда қамқорлықта болады

22.07.2012, 18:00 162


Бала тәрбиесі, оларға қажетті қамқорлық жасау ешқашан назардан қалып көрген емес. Өскеменде облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаевтың Қазақстан Республикасындағы ЮНИСЕФ балалар қорының өкілдерімен кездесуі соның жарқын белгісіндей болды, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Кездесуге ЮНИСЕФ-тің халықаралық кеңесшісі Ник Томпсон, Қазақстан Республикасындағы ЮНИСЕФ төрағасының орынбасары Радослав Жехак және облыстық департаменттер мен басқармалардың өкілдері қатысты.

– Біз бүгін ЮНИСЕФ-пен бірлесе отырып атқарылған мәселелерді талқылаймыз, – деді Ермек Көшербаев. – Ол мәселелердің ішінде жылдам әрі жеңіл атқарылатын да, ерекше көңіл бөле, белгілі кедергілер арқылы жүзеге асатын да шаруалар бар. Біз аталған мәселеде бірқатар қиындықтар барын жоққа шығармаймыз және сондықтан ЮНИСЕФ өкілдерінің бірлескен жобаны жүзеге асыруға бағытталған ұсынымдарына үлкен ыждаһаттылықпен қараймыз.

Өз кезегінде Ник Томпсон ЮНИСЕФ бағдарламасын жүзеге асыруда біздің аймақта айтарлықтай ілгерілеушілік бар екенін атап өтіп, соның бірі – облыста «Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің интеграциялық моделінің бес қадамы» атты бағдарлама бойынша жұмыс тобы құрылғанына, сол негізде аудандардың өзінде нақты істер қолға алынғанына қуантатынын да жеткізді. Осы тұстарды нақтылай әңгімелеген ол:

– Бұл жоба балаларды қорғау мәселесіндегі ведомствоаралық байланысты, жеке жоспар жасау арқылы қиын жағдайға тап болған балалар мен отбасыларының қажеттіліктерін сараптауға, солайша баға беруге, айналып келгенде әр балаға көмек қолын созуға бағытталған, – дей келе, аталған бағдарлама облыс көлемінде бір жарым жылдан бері жүзеге асып келе жатқанын атап өтті. Аталған бір жарым жыл ішінде балаларды қорғаудың сан түрлі тиімді жолдары қарастырылып, жүйелі жұмысқа өзіндік бағыт-бағдар беріліп, өзекті де өрелі әдістемелік материалдар жинақталған. Тіпті, түрлі ұстаным мен дәйекті негіз беретін сабақтар да өткізіліп, аталған салада толыққанды жұмыс атқара алатын арнайы мамандар да жарақталған. Нақтылай айтқанда, Шығыс Қазақстанның үш ауданы қанатқақты аудандар ретінде таңдап алынып, ендігі жерде оларда ЮНИСЕФ ұсынған бағдарламалар шеңберінде нақты жұмыстар жүргізілмекші екен.

Өздерінің мақсатты жұмыстары туралы байыппен баяндаған Ник Томпсон аталған жобаны әрі қарай жүйелі түрде жалғастыру үшін тәжірибелік және танымдық тұрғыда нақты тұжырымдамалар жасалғанын да баяндап өтті.

– Алдағы қыркүйек айында нақ осы тақырыптарға қайтара оралатын боламыз. Ол кездегі кезекті кездесуіміз барысында олардың орындалу барысын егжей-тегжейлі талқылап, өзіміздің ұсыныстарымызды ұсынуымызға мүмкіндік туады деп есептеймін. Ал олар барынша тиімді іске бағытталып, тағдырлары тәлкекке түскен балалардың мәселелерін жекелей қарауға негіз болатынына сенімдімін. Жалпы біздің сарапшылар жоғарыда аталған жұмыс топтарының мүшелеріне қажетті көмек көрсетуге қашанда дайын екенін айтқым келеді.

ЮНИСЕФ-тіктердің қаламызға арнайы ат басын тіреп, толғақты мәселелерді қаузаған кездесуі барысында ең бастысы, бірлесе қолға алынып отырған жұмыстың тиімділікке және нақты нәтижеге бағытталуы қажеттігі ерекше сөз болды.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив