KZ
Өскемен
+11°
ясно жел 1,4 м/с, ОШ
480.11 532.25 5.14

Бес миллион жолаушы тасымалдаған қария Өскеменде тұрады

13.05.2012, 18:00 168


Зәмзаны алғаш рет көргенім күні бүгінге дейін есімде қалыпты. Ол Ақбұлақ ауылынан сырқаттанған адамды Борандағы әуежайға ат-арбамен жеткізіп, Өскеменге шығарып салғаннан кейін Қалжыр ауылындағы біздің үйге келген еді. Ауылдың тұсындағы өзенге суға түсіп, тоғай аралап, бүлдірген тергенімізді Зәкең де кездескен сайын айтып жүр.

Темір тұлпардың тізгінін ұстады

Содан кейін де Зәкеңнің өзімен де, туыстарымен де қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Ақбұлақтағы мектептің сегізінші сыныбынан соң оқуын Өскемендегі Жамбыл атындағы мектеп-интернатында жалғастырып, аттестатпен бірге тракторшы-комбайншы және үшінші санатты жүргізуші куәлігін қоса алып шығады.
Облыс орталығына әкеммен бірге алғаш рет келіп, Зәкеңнің анасы Ұлжан апайымыздың үйінде болдық. Сен Қалжырды шарлатып едің, мен қаланы аралатайын деп, Зәкең өзі жұмысқа жаңадан орналасқан №5 автобазаны, бекітіліп берілген ескілеу «бензовозын» көрсетті. Балалық шағында ат құлағында ойнаған Зәкең енді темір тұлпардың тізгінін ұстады. Арман қуған, алға ұмтылған зерек жігіт мамандығын тез арада меңгеріп алды. Одан соң сынақтан сүрінбей өтіп, №1 автобус паркіне жұмысқа қабылданды.

Әскер қатарына шақырылғанда да оған автомобиль жүргізушісі міндеті жүктелді. Әскерде жүргенде мамандығын жете меңгеріп, бірінші санаттағы жүргізуші куәлігімен Өскеменге келді. Өзі істеген автопаркке қайта оралды. Зәмза үзіліссіз 40 жыл бойы қалаішілік бағыттарда автобус жүргізіп, жолаушы тасымалдаумен айналысты. Осы уақыт аралығында бес миллионнан астам жолаушы оның автобусының қызметін көріпті. Ал 40 жыл бойы жүріп өткен жолының жалпы ұзындығы ұшы-қиырсыз екен. Мұның өлшемін іздеп көрсеңіз, жер шарын кемінде төрт рет айналып шыққанмен парапар болып отыр.
Осы арада тағы бір деректі келтіре кетейік. Кеңестік кезеңнің тек соңғы бесжылдығына қабылдаған жоспарын мерзімінен бұрын төрт жылдың ішінде орындап шығып, 18 мың литр бензин, 36 доңғалақ үнемдеді. Ал мұның алдындағы бесжылдықтар қорытындыларындағы жетістіктері бұдан да жоғары. 40 жылда кешегі өзі секілді 50-ден астам өрімтал жасты жүргізушілік шеберліктерін жетілдіруге баулып, іс-тәжірибеден өтуіне қамқоршы болды.

Қырағылығы мен біліктілігінің арқасында 40 жыл бойы автобусын жол үстінде ешқандай апатқа ұшыратпай, іркіліссіз жүргізіп отырған. Осы жылдардың ішінде жүргізуші талонына бірде бір «тесік» түсірмеген кәсіби жүргізуші кім десеңіз, оның Зәмза екені де даусыз. Мұндай жүргізушілер саусақпан санарлықтай ғана болса, соның бірегейі – Зәмза.

Зәмзаның өзгелерден тағы бір айрықша ерекшелігі, күні бүгінге дейінгі ғұмырында темекі тартып көрмепті. 70 жыл ғұмырында ішімдік те ішпепті.
Өмірдің ыстық-суығына пісіп шыңдалған Зәкең қиын сәттерде еш қажып шаршамады. Өз ұжымынан қол үзіп басқа жұмыспен айналысып кетпеді. Уақытпен санаспай еңбек етіп, өз ісіне әрдайым адал болды. Еліміз қадір тұтатын абзал азаматы атанды. Айталық, 1975 жылы ІІІ дәрежелі Еңбек Даңқы орденімен марапатталды. Алты жыл өткеннен кейін осы орденнің ІІ дәрежелісін, тағы бес жылдан соң І дәрежелісін кеудесіне қадады. Осы ордендердің толық иегері – Социалистік Еңбек Ері мәртебесімен бірдей! Ал мұндай атаққа ие болғандар біздің облыста саусақпен санарлықтай ғана. Солардың бірі Зәмзаның туған жездесі – әйгілі металлург Қайырбек Айжігітов.

Қоғамдық істерден қалыс қалмайды


Зәкең құрметті еңбек демалысында жүрсе де қоғамдық жұмыстарға белсенділікпен араласып, өзіне жүктелген тапсырманы тиянақты атқарып келеді. Облыстық сайлау комиссиясының мүшесі болған жылдары күн демей, түн демей ұйымдастыру іс-шараларының басы-қасында жүрді. Кеудесі толған медальдарының қатары соңғы кезде «Ерен еңбегі үшін» медалімен толықты. Оны еліміздің Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ тапсырды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Зәмза Қырықбаевқа жүргізуші әріптестерінің аманаттары жолдарды жөндеу, автопаркті доңғалақтармен, аккумуляторлармен қамтамасыз ету жайында болатын. Депутаттың араласуымен ұзақ жылдар бойы қараусыз қалған тубдиспансер мен қаланың арасындағы жол жөнделді. Өзен айлағында бақылау-диспетчерлік пункт салынды. Өз сайлаушыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету, телефон қондырғысын орнату мәселелерін шешіп берді.

Зәмза республикалық, одақтық партия съездерінің делегаты болып, аса ірі жиындарға қатысты. Кеңестік одақтың көптеген қаласында болып, Фидель Кастро, Иван Кожедуб, Шыңғыс Айтматов, Расул Ғамзатов, Михаил Ульянов сынды көптеген әйгілі адамдармен танысып, естелік суреттерге түсті.
Зәкең анасы, әкесі жайында толғанып айтып отырады.

– Әкеміздің майданнан жазған санаулы ғана хаттарын қайта-қайта шешемізге оқытып, тыңдаудан жалықпаушы едік. Оқыған сайын хатты жаңа ғана алғандай әсерге бөленетінбіз. Одан соң «Қадылша Қырықбаев хабарсыз кетті» деген хат келді. Қайырғазы ағамыз соғыс біткеннен кейін көптеген әскери орындарға хат жазды. Әкеміз 1944 жылы қаңтарда майданда қаза тауып, Украинадағы Хмельницкий облысы, Полонский ауданы, Кахановка селосында жерленгенін білдік. Сол кезде шешеміз бұл дүниеде жоқ еді. Балаларының ортасында еш алаңсыз өмір сүріп жатқан шешеміздің денсаулығына көрген қиындықтар, ауыр жұмыс көп ақау түсіріпті. Жүрегі сыр берген кезде дәрігерге апарып емдеттік. Анамыз 49 жасында қайтыс болды. Отбасымыз жиналып, көп кеңестік. Әкеміздің жатқан жері табылғанына қуанып, зиратының басына барып, тәу етуге бел будық. Бәріміз ақылдаса келе ортамыздан Қамза ағамызды Украинаға аттандыруды ұйғардық.

Қамза аға шешеміздің басынан апарған бір уыс топырақты Кахановкадағы әкеміздің зиратына сеуіп, сол жерден бір уыс топырақ алып Өскеменге аман-есен оралғаннан кейін бірден шешеміздің басына барып, Украина топырағын қазақ топырағына қосты. Сөйтіп, ондаған жылдардан кейін ері мен зайыбы қайта табысқандай болды, – дейді Зәмза.

Анасы Ұлжан өсіп келе жатқан балаларын ешкімнен кем болмауын ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимей ертелі-кеш ұжымшар жұмысымен айналысты. Өскемен қаласының Құрметті азаматы Зәмза облыстық ақсақалдар алқасы жанынан құрылған «Ата мұра» ансамблінің мүшесі, баян, домбыра, мандолин сияқты музыкалық аспаптарда шебер ойнайды. Дойбыдан жарыстарда кезінде өзі жұмыс істеген автобус паркінің, қазір жібек маталар комбинаты шағын ауданындағы ақсақалдар кеңесінің намысын қорғауда.

Зәмза зайыбы Бақытхан екеуі екі ұл тәрбиелеп, Әлімжан, Әлима, Гүлжан, Мирас атты немерелерін мәпелеп өсіріп отыр.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив