KZ
Өскемен
+3°
облачно с прояснениями Штиль
480.11 532.25 5.14

Қасымов Айтмұхамбет Қасымұлы

1.05.2012, 18:00 242


Бүгінгі таңда тәуелсіз еліміздің тәртіп сақшыларының алдында тұрған қызметтік міндеттің жауапкершілігі, мәні мен маңызы орасан зор. Саланың сан алуан қызметінің сапасын арттыра түсуге елеулі ықпал етіп отыратын қоғамдық құрылымдардың бірі – облыстық ішкі істер департаментінің Полиция қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңесі. Біз бүгін осы кеңестің мүшесі, «Шығыс ақпарат» КМК директорының орынбасары, журналист, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Айтмұхамбет Қасымовты қоғамдық кеңестің жұмысы, жалпы құқық қорғау саласы жұмысының кейбір қырлары жайында әңгімеге тартқан едік.

– Айтмұхамбет Қасымұлы, сіз ШҚО ІІД-нің Қоғамдық кеңесі құрылған алғашқы күннен бастап оның құрамындасыз. Қандай жұмыстар атқарылды, қандай жұмыстарды жоспарлап отыр, жалпы қазіргі таңдағы Кеңестің ролі қандай?

– Негізгі міндеті қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, халықтың ішкі істер департаментіне деген сенімін арттыру мақсатын көздеген бұл кеңес 2007 жылғы қыркүйектен, яғни бес жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Кеңестің ережесі, регламенті, жұмыс жоспары бар.

Құрамында әр салада қызмет істейтін он алты адамы бар Кеңес жылына үш-төрт мәрте жиналып, өз мәжілістерін өткізіп отырады. Мәселен, кеңес отырысының күн тәртібіне жол полициясы қызметкерлерінің жұмысы, орталық басылымдардың бірінде облыстағы полиция құрылымдарының бірін сынап жарияланған мақаланы талқылау сияқты саланың өзекті мәселелері қойылып отырады. Бұл қоғамдық кеңес жұмысының ең алдымен полиция қызметіне бақылау жасайтындығын нақтылап айтқан орынды. Өткен қазан айындағы отырысында Кеңес ішкі істер органдарындағы жемқорлық туралы және заңдылық пен тәртіпті күшейту мәселесін қарастырды. Кеңестегі Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы, полковник С. Дүйсембековтың баяндамасынан мынадай бір деректі келтіре кеткен орынды сияқты. 2010 жылы 27 полиция қызметкеріне 71 қылмыстық іс қозғалса, былтыр 19 полиция қызметкеріне 57 қылмыстық іс қозғалды. Бұл қылмыстық істердің бір жылда 19,7 пайызға азайғандығын көрсетеді. Өкінішке орай коррупциялық құқық бұзушылыққа жол полициясы, көші-қон, қылмыстық полиция қызметкерлері жиірек барады. Осындай жемқорлық фактілері анықталған төрт полиция қызметкері ішкі істер органдарынан шығарылып, үшеуі лауазымынан босатылды. Алдыңғы жылғымен салыстырғанда былтыр жемқорлық қылмыс саны да 38,5 пайызға азайған.

Әрине, мұндай келеңсіздіктерді анықтап, жазаға тарту - ең алдымен полицияның Өзіндік қауіпсіздік басқармасы (ӨҚБ) қызметкерлерінің ерен еңбектері. Дегенмен, осы басқарма қызметкерлерінің мұндай жетістіктерінде біздің Қоғамдық кеңестің де қосып келе жатқан үлестері, айтарлықтай ролі бар деп ойлаймын. Өйткені, Кеңес мүшелері А.Қажыбаев, Е. Мәмбетқазиев, Л.Шик сияқты өмір тәжірибелері мол танымал азаматтардың ақыл-кеңестері мен ұсыныс-пікірлері ӨҚБ қызметкерлерінің жұмыстарында пайдаға асып жатады. Сондықтан Қоғамдық кеңес ішкі істер департаментіне қажет құрылымның бірі деп ойлаймын.

– Өткен жылы құқық қоғау саласында, күштік құрылымдарда бірқатар өзгерістер, өзара ауыс-түйістер болды. Бұрын ІІМ құзырында болып келген кейбір салалық құрылымдар Денсаулық сақтау, Білім министрліктеріне берілсе, автокөліктерді техникалық бақылаудан өткізу жол полициясы құзырынан бәсекелестік ортаға ауыстырылды. Көпшіліктің пікірін зерттеп, саралап жүретін журналист ретінде осындай өзгерістерге деген өз пікіріңіз қандай?

– Өмір бір орында тұрмайды ғой. Онымен бірге қоғам да белгілі бір кезеңдік өзгерістерге ұшырайды, басқару тетіктері мен механизмдері де жаңаша сипат алады. Олардың барлығы бірдей өзін-өзі ақтайтындай шаралар болмай, бұрын «жеріген» тәсілдерге қайтадан жүгініп жататын кездеріміз де аз емес. Мәселен, айрандай ұйып отырған ұжымдық шаруашылықтарды тоз-тозын шығарып жекешелендіріп тастадық та «онымыз қате болды, ірілендіруіміз керек екен» деп қайтадан ұжымдастырып жатырмыз. Қоғамдық тәртіпті күзетуде құқық қорғау органдарына елеулі көмек жасаған ерікті халық жасақшылары мүлде жоғалып кеткен еді, қазір қайтадан қайтып келді... Әрине, мұндай қателіктер ең алдымен жоғарыдағы ел үшін ойлайтын ел ағаларының шалағайлығы демеске лаж жоқ ...
Ал енді сіздің айтып отырғаныңыз, жалпы құқықтық ведомствоны реформалаудың алғашқы кезеңдерінің кейбір сатылары ғой. Медициналық айықтырғыштар Денсаулық сақтау министрлігіне, кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтары Білім министрлігіне, техникалық көлік құралдарын тексеру, күзет қызметтері бәсекелестік ортаға берілді. Бұл жасалған өзгерістердің дұрыс-бұрыстығын уақыт көрсетеді. Мен бір ғана мәселені – көлік құралдарын тексерудің жағдайын айта кетейін. Алдынала ешқандай жүйелі дайындық жасалған жоқ. Бұрынғы тексеруден өткізіп жүрген станцияларға рұхсат бермей, жекеменшік станциялар ғана өткізетін болды. Облыстағы жүздеген мың көлікті жаңадан ашылған төрт-бес станция мен жылжымалы екі-үш станция қалай тексеріп үлгереді?! Жол сақшыларынан қорыққан көлік иелерінің көпшілігі «жең ұшынан жалғасып», қайтадан бұрынғы тәсілмен көліктерін техникалық байқаудан «өткізіп» жатыр. Ондай заңсыз әрекеттерге мүлде тосқауыл қою өте қиын, өйткені «алтын көрсе періште жолдан таяды» деп тегін айтылмаған ғой.
Құқық қорғау жүйесін реформалау бірінші рет жүргізіліп отырған жоқ. Оның шынайы мақсаттары науқаншылдықпен алмастырылып, соған теңдестіріліп кеткендіктен, кейде ведомстволық мүдделер жалпы мемлекеттік мүдделерден асып түсіп жатқандықтан бұған дейінгі реформалар күткендегідей нәтиже берген жоқ. Ал бірінші кезеңі аяқталып қалған қазіргі реформа Елбасының арнайы тапсырмасымен құрылған мемлекеттік комиссияның күшімен жүргізіліп отыр. Олар күштік құрылымдардың жұмысына қызметтік талдау жасап, проблемалар мен олқылықтарды анықтап, ауқымды әлемдік тәжірибені зерттеп барып кейбір жаңалықтарды іс жүзіне асыруда. Қазір ішкі істер органының жеке құрамдарын кезектен тыс аттестациядан өткізуге жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр, реформаның аясында өтетін бұл жұмысқа да белгілі бір деңгейде біздің Қоғамдық кеңестің мүшелері де тартылатын болар деп ойлаймын. Сондықтан журналист ретінде де, қатардағы ел азаматы ретінде де бұл реформадан оңды нәтижелер күтеміз.

– Айтмұхамбет аға, көбінесе өзгелерді көпшілік оқырманға таныстырып жүретін қаламгерлер қауымының өмір жолы мен еңбектері көлеңкеде қалып жатады. Бүгінгі сұхбатты пайдаланып өзіңізді де оқырмандарға таныстырып өтсек...

– Негізгі мамандығым – оқытушы. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіргенмін. Бірақ бұл кәсіппен бес жыл ғана айналысып, журналистикаға алмастырдым. Өзіміздің облыстық «Дидар» (бұрынғы «Коммунизм туы») газетінде әдеби қызметкерліктен бастап,бас редакторлығына дейінгі лауазымдарда отыз бес жыл қызмет істедім. Сексен жылдық жолы бар осы басылымның қалыптасу, өсу, кемелдену тарихын мұқият зерттеп, ғылыми еңбек жазып, кандидаттық диссертация қорғадым. Төрт-бес кітабым жарық көрген, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесімін.
Ұлан ауданының тумасымын. Жерұйықтай болған туған ауылым – Аюды деген шағын мекен қазір Бұқтырма теңізінің астында қалған. Сол ауылым мен өзім оқып бітірген Өскемендегі Жамбыл мектеп-интернатын, балалық шақтарымды осы күнге дейін сағынамын. Өмірлік серігім – сол интернатта қатарлас оқыған, бүкіл ғұмырын ұстаздыққа арнаған Гүлнази Ақатайқызы. Аллаға шүкір, балаларымыз лайықты қызметтерін атқарып жүр, немерелер мектептерінде.

– Рахмет, аға. Өзіңіз білесіз, биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 20 жыл толады. Ел Тәуелсіздігімен етене жасасып келе жатқан тәртіп сақшыларының кешегісі мен бүгіні туралы ойыңызды білсек.

– Полиция жұмысын талдап, саралап айтатындай мен бұл саланың маманы емеспін. Ұзақ жылдар ақпарат саласында еңбек еткен журналист ретінде, өздеріңіздің баспасөз қызметтеріңізбен үнемі тығыз қарым-қатынаста болғандықтан бұл сауалыңызға да жауап беруге тырысайын. Ең алдымен өзіңіз арқылы бүкіл облыс полиция қызметкерлерін айтулы мерекелерімен құттықтаймын. Өңірдегі құқық тәртібінің жай-күйі негізінен сіздерге байланысты. Күн сайын өмірлеріңізді тәуекелге тігіп, қылмыспен күрестің алдыңғы сапында жүресіздер. Сол бір қиын бірақ абыройлы істеріңізге Қоғамдық кеңес мүшелерінің атынан сәттілік тілеймін.

Ал енді Шығыс сақшыларының тарихи жолын Департаменттегі мұражайдан, ерліктерін кеңсе алдындағы ескерткіш тақталардан көруге, Құрмат Рахимов сынды полиция ардагерлерінің кітаптарынан оқуға болады. Қ. Исембаев, О. Түсіпханов, М. Дүйсембаев, Қ. Төпелеков, Қ. Нұғыманов сынды ардагерлер сала тарихына өздерінің өнегелі істерімен есімдерін қалдырған аға ұрпақ өкілдері, көптеген шәкірттер тәрбиелеген тәлімгерлер. Бүгінгі күні де полицияның абыройын асқақтатып жүрген азаматтар аз емес.

Қазір салада үлкен реформалар жүріп жатқандығы айтылды. Сондай-ақ биыл «Ішкі істер органдары туралы» жаңа заң қабылданбақ. Сондықтан саланың келешегі осындай өзгерістердің қаншалықты сапалы атқарылуына көп байланысты болатындығы сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет! Полиция қызметіне мүмкіндігінше қолқабыс жасап жүрген Қоғамдық кеңестің жұмысына да сәттілік тілейміз!


Сұхбатты жүргізген - Жанболат Санияз

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив