KZ
Өскемен
+17°
пасмурно жел 4 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

Нұржамалға Ғабит Мүсіреповтің өзі бата берген...

16.02.2012, 18:00 137


Тегінде келін деген киелі сөз. ¤йткені ертеңгі ұрпақтың тағдыры әр әулеттің келінінің қолында. Ошағымның оты өшпесін, түтінім түзу ұшсын дейтін халық ең алдымен келінін сыйлайды. Осы орайда біз «Шығыстың келіндері-ай» атты жаңа айдар ашып отырмыз. Бүгінгі айдардың кейіпкері - ошақтың ғана емес, қазақ өнерінің де отын көсеп, маздатып жүрген Шығыстың келіні, бесқарағайлық белгілі жерлесіміз Төлеген Мұхамеджановтың сүйген жары, ҚР халық әртісі Нұржамал Үсенбаева.

Нұржамал - еліміздің оңтүстік өңірінің қызы. Атақты сазгер Шәмші Қалдаяқов әнге қосқан Арыста дүниеге келген. Ол көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Әкесі Пернебек Үсенбаев бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, ұрпақ тәрбиелеумен айналысқан жан.
Нұржамал ән-жырға бала кезінен ғашық болған. Музыкалық мектепті, музыкалық училищені, кейіннен консерваторияны тәмамдаған. Н.Үсенбаеваның операдағы ең бірінші партиясы Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» либреттосы болыпты. Классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің Нұржамалдың өнеріне тәнті болғаны соншалық «Менің «Қыз Жібегім» осындай болуы керек» деп сахнада тұрып батасын беріпті. Бүгін – Нұржамал қазақ операсының жұлдызы.
Нұржамал – Бесқарағай ауданының келіні. Осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын ол өзінің сүйген жары Төлеген Мұхамеджановпен бірге Бесқарағай ауданының облыс орталығы ¤скеменде өткен мәдени күніне келген болатын. Барша жұртқа иіліп сәлем беріп, сахнада сызылтып ән салып, баурап алды. Нұржамалға Шығыстың үлкен қариялары риза болып, батасын берді сонда. Нұржамалдың сол жолы Шығысқа келген сапарында газетіміздің тілшісі Айна Ескенқызы одан сұхбат алған-ды. Сол сұхбатта Нұржамал былай дейді:
«... - О-о, мен өзімнің Төлегенге лайықты жар, жақсы келін екенімді дәлелдеймін деп суық тиіп ауырғаным бар. Бұл - ертеректе болған оқиға. Төлеген мені туған жері – Бесқарағай ауданындағы Беген ауылына алып келді. Қақаған қыс болатын. Төлегеннің жерлестеріне ауыл клубында концерт қойып бермек болдық. Клубта от та жағылмайды екен, келушілердің барлығы үстеріне тон, аяқтарына пима киіп алған. Ғимараттың суықтығы соншалық, аузыңды ашсаң бу шығады. Содан не керек, мен бір жарым сағат бойы опералық репертуарымнан концерт бердім. Сахнаға кеудесі ашық, кең етекті көйлекпен шыққанымда ішікпен отырғандардың өзі қалтырай бастады. Аяғы залдан «айналайын, рақмет, көйлегіңді көрдік, киінші», «тоңып қаласың» деген дауыстар естіле бастады. Әрине, маған қарапайым киініп шығуға да болатын еді. Бірақ мен шалғайда жатқан ауылға опера атты өнердің титтей болса да бір бөлшегін сол қалпында жеткізгім келді. Төлегеннің жерлестері әлем классиктерінің шығармаларын Алматы, Астанадағы үлкен сахналардан тамашалай ала ма, жоқ па, белгісіз. Содан кейін бір ай ауырып жаттым, бірақ ешқашан өкініп көргем жоқ».
Иә, мақтасаң, Нұржамалдай Шығыстың келінін мақта. Тамсансаң, Нұржамалға тамсан! Көрікті де келбетті келінге біз әрқашан да шығармашылық табыс тілейміз.


Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив