«Торнадоға» жеңісті Жақсылық Омар әперді
Өскеменде шайбалы хоккейден әуесқойлар арасындағы «Достық кубогы» деп аталатын облыстық турнир басталды.
Биылғы дода Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровты еске алуға арналып отыр.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасынан хабарлағандай, жарысқа барлығы алты команда қатысуда. Олардың төртеуі Өскемен қаласының ұжымдары болса, қалған екеуі Риддер шаһары мен Глубокое ауданының атынан сынға түсуде.
Бір қызығы, өскемендік «Торнадо» командасының құрамында қала әкімі Жақсылық Омар, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Елдос Чикенов, тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдын Шаймарданов пен денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов сияқты ел алдында жүрген лауазым иелері өнер көрсетуде.
– Біздің қала қазақстандық хоккейдің отаны саналады. Бұл сөзімізге «Торпедо», «Алтай-Торпедо» және «Алтай» сияқты командаларымыздың жетістіктері дәлел бола алады. Сондай-ақ шаһарда әуесқой хоккей де қарқынды дамуда. Сөзсіз, бұған дәл осындай турнирлердің өткізілуі де септігін тигізуде. Барлықтарыңызды жарыстың басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Сәттілік жолдас болғай! – деді турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Өскемен қаласының әкімі Ж.Омар.
Бұдан кейін турнирдің шымылдықашар кездесуі өтіп, онда «Торнадо» хоккейшілері «Риддер» командасынан басым түсті.
Қорытынды есеп 7:4. Осы ретте, матчтың үздік ойыншысы болып кездесу барысында қарсылас қақпасына үш шайба соғып, бір нәтижелі пастың авторы атанған Жақсылық Омар танылғанын айта кеткен орынды.