Зейнетақы және балалардың ақшасы. Ауыл поштасынан 13 млн теңге ұрланды
Шығыс Қазақстанның Үржар ауданында пошта бөлімшесінен 13 миллион теңге ұрланды. Аталмыш қаражат – тұрғындардың жәрдемақылары мен зейнетақылары болатын, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
13 ақпанда күні Үржар ауданына қарасты ауылдардың біріндегі пошта бөлімшесі өртеніп кетті. Полиция қызметкерлері оқиға орына жетіп үлгергенше, ғимараттың сау-тамтығы қалмаған. Ал ауыл тұрғындарының зейнетақылары мен жәрдемақылары банкоматта сақталған екен. Алайда тексеру барасында темір жәшіктен бір тиын табылмады. Қызметкерлер өрт шығардан бір күн бұрын ғана банкоматқа 13 миллион теңгеден астам қаражат толтырылғанын айтқан.
Аудандық полиция бөлімінің басшылығымен құрылған бес жедел-тергеу тобы банкоматтағы ақшаның жоғалуына қызметкерлердің бірінің қатысы болуы мүмкін деген болжам ұсынған болатын. Сайып келгенде, болжам расталды. Ұрлық жасаған – пошта бөлімшесінде техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін 22 жастағы қызметкер болып шықты. Түн ішінде терезден кірген ол, ақшаны жымқырып қана қоймай, ізін жасыру үшін бөлімшеге от қойған. Алдын ала өрт дабылын да өз қолымен өшірген әккі жігіт.
Тәртіп сақшылары пошта ғимаратының күзетілмеуі, бақылау бейнекамераларының қойылмауы қылмыстың жасалуына және бір себеп болған дейді.
Қазіргі уақытта қылмыскер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.