Cарбаздарды Өскемен бекетінен қарсы алды
Отан алдындағы әскери борышын Жамбыл облысында өтеп қайтқан сарбаздарды туған-туыстары Өскемен теміржол бекетінен қарсы алды. Ал биыл көктемде шақырылған жастар облыс аумағынан алыстамай-ақ әскери міндетін өтей алады.
Жамбыл облысындағы №21678 әскери бөлімінде сапта болған 37 сарбаз туған өлкесіне оралды. Оларды жергілікті әскери бөлімнің ұйымдастыруымен туыстары қарсы алды. Ата-аналарға әскери оркестр мерекелік көңіл-күй сыйлады.
– Не айтарымды білмей қобалжып тұрмын. Әскерден ұлым келді. Бәрі жақсы, аман-есен. Жергілікті әскери органның өкілдеріне алғысым шексіз. Баламыздың өмірлік тәлім алуына көмектесті. Бүгін, міне, оркестрмен қарсы алып жатыр. Оларға аналардың атынан тек алғыс айтамын. Жұмыстарына сәттілік тілеймін, – деді қала тұрғыны Алтынхан Еділбаева.
Шығыс Қазақстанның әр өңірінен жиналған 37 сарбаз былтыр Тараз қаласына аттанған-ды. ТМД-дағы жалғыз таулы-егерлік полктің отпен демеу ротасында әскери борышын өтеген жауынгерлер шыңдалып, әскери өмірдің қыр-сырына қанығып қайтқан.
– Мен Бауыржан Момышұлы ауылында жеке таулы-егерлік полкінде өз қызметімді атқардым. Бір жыл ішінде атыс құралдарын пайдалануды үйреніп, ел мен жерді қорғауға дайын болып шықтым. Шығыс өңірінің әскери бөлімдеріне алғысым шексіз. Әскерге аттанарда да қол ұшын созып, ақыл-кеңес айтқан. Енді бүгін қарсы алып жатыр. Жалпы, жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге шақырамын, – деді қатардағы жауынгер Біржан Дамирұлы.
Облыстың қорғаныс істері жөніндегі департаменті биыл еліміздің түкпір-түкпіріне екі жүзге жуық сарбазды аттандырған. Ал кезекті көктемгі әскерге шақыру науқанында жастар өз аймағында әскери борышын өтеуге мүмкіндік алып отыр.
– Жоспар бойынша біз жылына екі маусым бозбалаларды әскерге жібереміз. Бірінші наурыздан бастап Зайсан ауданынан 100-ден астам бозбаланы шекара қызметіне жібердік. Атардағы танк батальоны мен Ақтау теңіз-жаяу әскеріне қырық-қырықтан сарбаз аттандырдық. Ал енді жиналатын жігіттер Өскемен мен Серебрянск қаласында әскери қызметін өтеуге мүмкіндік алып отыр. Әскерге шақырылған жастар медициналық сараптамадан, психологиялық тестен өтеді. Егер денсаулығында кінәрат болса, онда денсаулығын түзеуіне бір жыл уақыт беріледі, – дейді облыстың қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери-патриоттық жұмыс және Қарулы Күштер ардагерлерімен жұмыс істеу қызметінің басшысы капитан Бауыржан Асқарұлы.
Айта кетелік, Отан алдындағы борышын өтеп келген 37 сарбаздың енді жоғары оқу орнында тегін оқуға мүмкіндігі бар.
Ынтымақ Толқын