Жарты ғасырлық клубтың өкілдері тұрғындарға ерекше мереке сыйлады
Жаңа жыл қарсаңында Өскеменде тағы бір ерекше мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
«Мандарин жарысы» деген атауға ие болған бұл акцияның ерекшелігі - салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған іс-шараға кез келген адам қатыса алды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Өскемендегі «Буран» қысқы жүзу және шынықтыру клубының жарты ғасырлық мерейтойына орайластырылған акция орталық алаңнан бастау алды.
Қатысушылар Республика алаңынан шығып Ертістің сол жағалауына дейінгі аралықты жүгіріп өтті. Жол бойы кездескен қала тұрғындарына тегін мандарин үлестірді. Содан кейін Ертіс өзеніне шомылды.
Бүгінде бұл клубқа 60-қа жуық адам мүше. Арасында жасы да, жасамысы да бар. Бәрінің айтатыны, бұл денсаулық үшін өте пайдалы, тек адам іштей дайын болуы керек екен.
Айта кетейік, жарыстың ашылуына Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қатысып, жиналғандарды мерекемен құттықтады.