Қаскөйді қарусыздандырған: Прокуратура өскемендік жігіт марапаттады
Фото: Өскемен қаласы прокуратурасы
Өскемен қаласында көшеде әйелін пышақтап жатқан қаскөйді көрген жігіт еш ойланбастан көмекке ұмтылған. Оны қарусыздандырып, полицейлер келіп жеткенше ұстап тұрған. Осылайша, әйел адамды аман алып қалған ол бұл ерлігі үшін марапатталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға осы жылдың жазында болған. Қазақстан-Американдық еркін университетінің 3-курс студенті Алмас Елемес Өскемендегі дәмханалардың бірінде курьер болып жұмыс істеп жүрген. Түнде көшеде тапсырысты апара жатқанда көмек сұрап айқайлаған дауысты естіп қалады. Алмастың қасында тағы бірнеше курьер жігіт болған.
Ауыр жарақат алған әйел дер кезінде дәрігерлерге жеткізілгендіктен аман қалды. Белгілі болғандай, оған шабуыл жасаған адам бірнеше рет сотталған, қауіпті рецидивист. Ол кісі өлтіруге оқталғаны үшін сот шешімімен кінәлі деп танылып, қатаң режимдегі колонияға 10 жылға қамалды.
Бейбіт күннің батырына Өскемен қаласы прокурорының атынан Алғыс хат табыс етілді.