«Ар түзейтін бір ғылым табылмаса...»
e-history.kz
Дана Шәкәрім қоғамға ар білімі керек деген байламға неге келді? Адамның ары – ақылдың безбені. Шәкәрім ұсынған ар – адамның ішкі тазалығы. Ішкі тазалық дегеніміз – бойында ұяты мен кісілігі бар, талабы мен жігері мықты болу. Ар, ол – Ұждан, «ұждан – екі өмірдің азығы». Ақыл көзі мен ұжданы үндескен жан мейірімді, қайырымды, ниеті түзу болады. Ниеті түзу жан жамандыққа бармайды, өзгелерге қиянат жасай алмайды.
Ұждандыны мақтайды тамам адам,
Мейлi ғалым болса да, мейлi надан.
Ар, нысаппен iс қылып, азап тартып,
Ақ жолында өледi бiрталай жан, –
деген жолдарда да адамның адамдық қасиеті ұжданға негізделетінін баса көрсетеді.
Осылайша дана Шәкәрім қазақ қоғамын түзетудің жолын ұсынады. Ол – Ар білімі. «Ең алдымен барлық адамды адал еңбек ететін жолға салу керек. ...сол адал еңбек, білім үйренумен қабат «Ар білімі» деген білім оқытылуға керек. Бұл ғылымды ақылды адамдар ойластырып, пән ретінде жазып, нәпсіні жойып, адам бойында жеке ардың қожа болып қалужағын көздеу керек. Адам бойындағы нәпсі кеселі кетсе, өзгерісі оңай». Адам баласының өзімен өзі күресіп, нәпсісін жеңуі қиын іс. Ақылдың саулығынан айырылуы да осы нәпсіде жатыр. Пендені бұзатын да нәпсі.
Адамды бақытқа жеткізетін жол іздеген данышпан Шәкәрім «ақылға сынат әр істі» деп ақиқатты танудағы ақылдың орнын айқындап береді. Таза ақылмен келген еңбек – байлық, ал сол байлықты барша адамзат баласының игілігіне жарату керек. «Ақыл қарауында адам толығы барша адамға бақ іздеген болады», - деген Шәкәрім ойы Абай ұсынған толық адам тұжырымымен үндес. Ақылын тізгіндете білген адам қоғам игілігі үшін қызмет ететіні анық.
Ерді адалдық жолға бастайтын,
Елді арамдыққа әсте баспайтын,
Басшы адам қойылса.
Міне, Шәкәрім аңсаған басшы. Ардан аттамайтын, нәпсісінің жетегіне ермейтін басшы.
Ақынның:
Мына көзді қалдырып,
Көңіл көзін көзің қыл.
Бас көзімен каңғырып,
Ұқпай қойсаң, өзің біл.
деген тағылымының астары да осы ойдың жалғасы. Саналылық ұғымын Шәкәрім «көңілдің көзі» деп астарлап айтады. Көңіл көзі – адамның жан-дүниесінің сәулесі, адам жүрегінің қуаты. «Бас көзі жұмылады, көңіл көзі жұмылмайды» (Шәкәрім). Көңіл көзінің тазалығы жүректегі иманда жатыр.
Бүгінгі таңда ата-бабамыздан келе жатқан сенімге селкеу түсті. Діни ала-құлалық белең алуда. Не істеу керек? Кімге сену керек? Ақиқаты неде?
Шәкәрімге жүгінсек:
Әлемдегi дiндердiң түп мақсұты
Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:
Құдай – бір, ұждан – дұрыс, қиямет – шын,
Еш дiннiң мақсұты жоқ мұнан асар.
немесе
Сау ақыл – ақиқатты тануға бастайтын таным. Өз-өзіңді сау ақылға сынатсаң алуан түрлі діндердің ықпалына түспейсің. Шәкәрім «Таза ақылмен таппаған дін, Шын дін емес жындылық» немесе «Айнымайтын ақ жүрек пен, Таза ақылды адамның, Таппасы жоқ бұл өмірде, Осыны ұқ балам» деп адамзат баласын «таза ақылға» үндейді.
Қазіргі заман – білім мен ғылым ғасыры. Дана Шәкәрім «Ғылымнан көзілдірік кимеген ел, Туралап көре алмас күннің көзін»,– деп тереңнен ой қозғайды. Ғылым көзілдірігі деген не? Жауапты ақынның өзінен іздеп көрелік «ғылымның түп атасы – таза ақылмен ойлану». Ал ұлы Абай: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» демеп пе еді. Абайдың да, Шәкәрімнің де даналығының негізінде қазақты түзетудің бірден-бір жолы білім мен өнер үйренуде екендігіне сендіру болды.
Шәкәрім сөздері жай ғана нақыл сөз емес. Ол – адамзат баласының өзін-өзі жетілдірудің, ізгі қоғам қалыптастырудың салтанат құруына арналған бағдарламалық жол. Сол жолдың бастауында Ар білімі тұр.
Ақмарал Смағұлова,
филология ғылымдарының кандидаты