Өнім сапасы – тұтынушы құқығын қорғаудың негізі
Фото: pexels.com
Тұтынушы құқығын қорғау – ел экономикасының тұрақтылығы мен азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етудегі маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта қолға алынған «Сапалы өнім» жобасы нарықтағы өнімдердің сапасын бақылауға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Бұл бастаманы жүзеге асыруда Сауда және интеграция министрлігі отандық өндірушілерді қолдай отырып, тұтынушыларға сапалы әрі қауіпсіз өнім жеткізуді мақсат етіп қойды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев нарықтың әділ әрі ашық болуын қамтамасыз ету үшін бәсекелестікті шектейтін кедергілерді жою қажеттігін баса айтқан болатын. Осы ретте, «Сапалы өнім» жобасы экономиканың тұрақты дамуына ықпал ете отырып, бәсекелестік ортаны жақсартуға мүмкіндік береді.
Жобаның жұмыс механизмі
Жобаның басты міндеті, тұтынушыларды қорғау жөніндегі үкіметтік емес секторды, жергілікті атқарушы және өкілді органдардың, сондай-ақ кәсіпкерлік қоғамдастықтың өкілдерін ішкі нарықта отандық өндірушілер мен тұтынушыларды қауіпті және сапасыз өнімдерден қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жалпыұлттық мүдделерді іске асыруға тарту, сондай-ақ парасатты бәсекелестікті дамыту үшін жағдайлар жасау.
Жоба аясында тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында қоғамдық бірлестіктер заңнамалық нормаларға сүйене отырып, өнімдерді тексеру жұмыстарын жүргізеді. Бұл тексерулерде фото, аудио және бейне жазбалар қолданылып, сауда орындарындағы өнімдердің сапасы мен таңбалануы қадағаланады.
«Сапалы Өнім» жүйесі тұтастай алғанда азаматтардың барлық қажеттіліктерін қанағаттандыруға, оның ішінде тұтынушылардың құқықтарын кепілді сақтауға және өтеусіз қорғауға бағдарлануы тиіс.
«Сапалы Өнім» бренді бірінші кезекте елдің ішкі нарығында жоғары бәсекелестік туғызуы тиіс.
Бұған дейін облыстық сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті мен «Аманат» тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық меморандумы жасалған болатын. Осы меморандум аясында бірлестік өкілдері сауда орындарындағы өнімдердің сапасын бақылау жұмыстарын белсенді түрде жүзеге асырып келеді.
Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті жариялаған деректерге сәйкес, әр екінші тауар денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін. Бұл көрсеткіш өнім өндірушілер мен сатушылардың жауапкершілігін күшейту қажеттігін көрсетеді.
Барлығы 1423 түрлі өнімнің үлгісі зерттелді, оның ішінде азық-түлік пен тұрмыстық химия өнімдері болды. Нәтижесінде 69%-ында заң бұзушылықтар анықталды. Анықталған басты мәселелер:
Маркировка талаптарының бұзылуы:
– 83%-дан астам өнім белгілеу стандарттарына сәйкес келмеді.
– Көп жағдайда өнімнің құрамын, өндірушісін, жарамдылық мерзімін көрсететін ақпарат болмады немесе мемлекеттік тілде берілмеген.
Санитарлық талаптардың бұзылуы:
– Зерттелген үлгілердің 17%-ы санитарлық-эпидемиологиялық стандарттарға сай болмаған.
– Кейбір өнімдерде денсаулыққа зиянды болуы мүмкін бактериялар мен микроорганизмдер табылған.
Мол өнімдердегі консерванттардың артық мөлшері:
– Йогурт пен айран сияқты өнімдердің 70%-ында консерванттардың мөлшері қалыпты деңгейден жоғары болғаны анықталды. Бұл, әсіресе, балалар мен аллергиясы бар адамдар үшін қауіпті.
Қазақстан бойынша тексеру нәтижесінде 224 кәсіпкерге әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды. Сонымен қатар, 43 өнімнің сәйкестік декларациялары кері қайтарылып немесе тоқтатылды. Бұл аталған тауарларды ел аумағында сатуға тыйым салады.
Сүт өнімдеріндегі сәйкессіздіктер
Қоғамдық бірлестік өкілдері мемлекеттік тілде таңбаланбаған сүт өнімдерін анықтап, олардың сапасын тексеру үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жөнелтті. Жүргізілген тексеру барысында бірнеше өнімнің таңбалану талаптарына сай еместігі анықталды.
Санитарлық талаптарға сәйкес емес өнімдер:
- Ультрапастерленген сүт 3,2%, «Органическое» – 28 дана, оның ішінде 3 данасы таңбалаусыз.
- Ультрапастерленген сүт 3,2%, «Молоко которым мы гордимся» – 53 дана, оның ішінде 4 данасы таңбалаусыз.
- Ультрапастерленген сүт 3,5%, «Professional line» – 43 дана, оның ішінде 6 данасы таңбалаусыз.
Сонымен қатар, бірқатар өнімдер зертханалық зерттеулерге жіберілді. Зерттеу нәтижелері бойынша тамақ өнімдерінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтіні және таңбалану талаптарының бұзылғаны белгілі болды.
Кәсіпкерлердің жауапкершілігі
Өнім сапасын тексеру нәтижесінде санитарлық талаптарды бұзған кәсіпкерлерге 150 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұл тұтынушы құқығын бұзудың алдын алу және жауапкершілікті арттыру мақсатында қабылданған шаралардың бірі.
Мұндай айыппұлдар өнім өндірушілер мен сатушыларды заң талаптарын сақтауға, тұтынушыларға сапалы өнім ұсынуға ынталандырады. Сонымен қатар, бұл шаралар нарықта әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Жобаның әлеуметтік маңызы
«Сапалы өнім» жобасы халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауға, сондай-ақ адал кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Өнім сапасын қадағалау тек тұтынушылардың құқығын қорғаумен шектелмей, отандық өнім өндірушілердің жауапкершілігін арттыруға және нарықтың жалпы сапасын жақсартуға септігін тигізеді.
Мемлекеттік бақылау жүйесінің күшеюі мен қоғамдық бірлестіктердің белсенділігі тұтынушылардың сенімін арттыруға ықпал етуде. Қоғамдық бақылаудың күшеюі заңсыздықтың алдын алып, адал кәсіпкерлерге нарықта әділ бәсекелестік орнатуға мүмкіндік береді.
Сарапшылар сапалы және қауіпсіз өнімді таңдау үшін келесі кеңестер береді:
Өнімнің таңбалауына назар аударыңыз.
– Құрамы, жарамдылық мерзімі мен өндіруші туралы ақпаратты мұқият тексеріңіз.
Соңғы жарамдылық мерзімін тексеріңіз.
– Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімді сатып алудан аулақ болыңыз.
Белгіленген өндірушілерді таңдаңыз.
– Таныс емес немесе күмәнді брендтерден сақтаныңыз.
Қаптаманың тұтастығын бағалаңыз.
– Қаптамадағы зақымдану, жарықтар немесе ағып кеткен белгілер өнімнің сапасына күмән туғызуы мүмкін.
Тек бағасына назар аудармаңыз.
– Тым арзан өнімдердің сапасы күмәнді болуы ықтимал.
Өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. «Сапалы өнім» жобасы осы бағытта нақты қадамдарға негізделген бастама ретінде өнім өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы сенімді нығайтып келеді.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жұмыстардың жалғасуы еліміздің нарықтық экономикасының тұрақтылығы мен қоғамның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Осы бағыттағы жұмыстар адал кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, нарықта сапалы өнімдердің көбеюіне ықпал етпек.