KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 3 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Қандастар "Ата жолымен" келеді

13.10.2023, 17:41 2 155 Оразай Жеңісұлы

Қазақ халқы тағдыр кешпесе жер-жаһанға тарыдай шашырай ма?! Такла-Макан құмына табан күйдіріп, Бұланай асқан көштің бедері тарих бетінде сайрап жатыр. Сондықтан болар республика туы тік көтерілгенде, ел ағалары бірден көші-қон саясатын жолға қойды. Бұл үдеріс астананы Арқаға көшіруден, тіпті шекараны шегендеуден бұрын жүрді. Саяси сарапшылар «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының түп негізі көші-қон саясатымен қаланған» деген де пікір айтқан еді. Қалай болғанда да, көк байрақ астына ағылған жұрт елдіктің тұғырын бекіте түсті.

Мәртебелі мереке – Республика күні қарсаңында көші-қон саласына тағы бір көз жүгіртуді жөн көрдік. «Отандастар қоры» КеАҚ-ның Шығыс Қазақстан облысындағы филиалының сарапшысы Әскерхан Қуанбайұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Әскерхан Қуанбайұлы, соңғы жылдары қандастар көші саябырсып қалған сияқты ма?

– Олай деп айтпас едім. Көш керуені үзілмек емес. Оның үстіне қазір қордың шет елдегі қазақтармен байланысы нығая түсті. Қазақстанға қоныс аударған қандастарға заңдық-құқықтық көмек көрсету жағы да күшейді. Жалпы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 2023 жылы Шығыс Қазақстан облысына кемінде 239 қандас келеді деп отырмыз.

– Биыл 1 шілдеден бастап  шет елде тұратын этникалық қазақтарға «Ата жолы» картасы беріле бастады. Бұл құжаттың ерекшелігі неде?

– «Ата жолы» картасына ие болған этникалық қазақтар елге келіп 10 жыл тұруға рұқсат алады. Бір ерекшелігі – басқа елдің азаматы бола тұра Қазақстан Республикасының азаматтарымен және қандастарымен тең құқыққа ие болады.

– Басқа қандай басымдықтары бар?

– «Ата жолы» картасы этникалық қазақтардың елге келіп, бизнес-кейстерін іске асыруына жол ашады. Соның нәтижесінде әртүрлі саладағы тапшы мамандардың орны толады. Қызмет етуіне берілген құжат. Бұл құжат Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында айтылған тапсырмаға сәйкес, сондай-ақ адами әлеуетті дамыту, тарихи отанмен байланысты нығайту және ұлттық дәстүрлерді сақтау, елге кәсіпқой мамандарды және табысты кәсіпкерлерді тартуды көздейтін 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасына сәйкес әзірленді.

Сонда бұл карта шет елдегі кез-келген қазаққа беріле ме?

– Ережеге сәйкес «Ата жолы» картасы үш санат бойынша ғана беріледі: ҚР азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін адамдар үшін кәсіптердің болуы; үміткердің Қазақстанда талап етілетін кәсіптерге ие болуы; тұрақты тұратын немесе азаматтығы бар елде тіркелген жұмыс істеп тұрған бизнестің болуы.

Құжатты қалай алуға болады?

– Бұл құжатты «Құтты мекен» мобильді қосымшасынан өтініш беру немесе Қазақстан елшілігіне жүгіну арқылы алуға болады.

Қанша уақытта дайын болады?

– Тіркелгеннен кейін өтінім бес жұмыс күні ішінде қаралады. Содан кейін әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту саласындағы жергілікті атқарушы орган сол қосымша арқылы алушыны құжаттың ұсынылғаны туралы хабардар етеді.

– Содан кейін не істеу керектігін айта кетсеңіз?

– «Ата жолы» картасын алғаннан кейін этникалық қазақ виза алу үшін ҚР сыртқы істер министрлігінің шетелдегі мекемесіне (консулдық немесе елшілікке) жүгіне алады. Қазір тұрып жатқан елінде Қазақстанға визасыз режим болса, көшіп келушілердің келуі мен болуының қазақстандық тәртібіне сәйкес бірден елге келе алады. Келгеннен кейін «Ата жолы» картасының иегері ұзарту мүмкіндігімен 10 жыл мерзімге тұруға ықтиярхатты рәсімдеу үшін аумақтық ішкі істер органдарына жүгінуге тиіс. Карта алынған санатқа байланысты этникалық қазақ не жұмыс берушімен шартқа қол қояды және оны «еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде» тіркейді, не өзінің бизнес-жоспарын жүзеге асыруға кіріседі.

– «Ата жолы» картасының иегерлері мен өзге этникалық қазақтардың қандай ара-жігі бар?

– «Ата жолы» картасының иегерлерінің этникалық қазақтардан басты артықшылығы – олар басқа елдің азаматы болып қала отырып, азаматтар мен қандастар сияқты құқықтарға ие болады. Мәселен, оларға Қазақстан заңнамасына сәйкес келесі құқықтар: жұмысқа орналасу құқығы; кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру құқығы, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде әлеуметтік төлемдер жүргізу және қызмет алу; тегін орта білім алу; мемлекеттік мекемелерде тегін арнаулы орта немесе жоғары білім алу конкурсына қатысу немесе жеке оқу орындарында ақылы оқу. Бұдан басқа, «Ата жолы» картасының иелері Қазақстан азаматтығын оңайлатылған тәртіппен ала алады.

Карта иегерлері еліміздегі сайлауларға қатыса ала ма?

– «Ата жолы» картасы бар адамдардың ҚР мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және сайлануға құқығы жоқ, республикалық референдумға қатыса алмайды және мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.

– Жалпы алғанда, бұл тиімді жоба деп есептейсіз ғой?

– Әлбетте, солай. Мемлекет тарапынан тәуелсіздік тұрғырын нығайтуға жасалған тағы бір маңызды қадам деп бағалаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу