Жүз адам жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды – ШҚО
«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында 2027 жылға дейін 1,5 миллионнан астам жасты жұмыспен қамту міндеті қарастырылған.
Осыған орай партияның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ алты бағыттан тұратын «Жастарға жұмыс» жобасын іске қосты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жоба аясында ұйымдастырылған жұмыс жәрмеңкесіне облыс бойынша барлығы елуден астам ұйым қатысты. Соның нәтижесінде 100 адам жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды, тағы 150 адам мемлекеттік бағдарламалар мен қолдаулар бойынша кеңес алды.
Облыс орталығындағы кезекті бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне тұрғындарға отыздан астам жұмыс беруші қатысты. Атап айтқанда, облыстық полиция және төтенше жағдай департаменттерінің, денсаулық сақтау және білім басқармаларының өкілдері қатысты. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында шалғай аудандарға жас кадрларды тарту мақсатымен Зайсан, Тарбағатай, Катонқарағай аудандарынан арнайы өкілдер келді. Өскемен қаласының жылу желілері, ЖЭО, Өскемен су арнасы, VK Development group құрылыс компаниясы, 2-ші деңгейдегі банктер, 20-дан астам орта және шағын бизнес өкілдері де жұмыс ұсынушылардың қатарында болды.
Жұмыс іздеп келген алпыстан астам жастың қырығы арнайы кездесуге шақырылды. Қалғаны кеңес алып қайтты.