ШҚО-да екі адам кене энцефалитін жұқтырды
Шығыс Қазақстанда 2 адам кене энцефалитін жұқтырды, деп хабарлайды Altaynews «Хабар 24» арнасына сілтема жасап.
Қазір олардың жағдайы қалыпты, науқастар тиісті ем қабылдап жатыр, дейді мамандар. Жалпы осы күнге дейін аймақта 2074 тұрғынды кене шағып үлгеріпті. Оның 700-ден астамы балалар. Ал кенеден келер кеселдің алдын алу мақсатында 2 мыңға жуық адам арнайы екпе салдырған.
Бірақ сала мамандарының айтуынша, табиғат аясында демалу кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайтындар көп.
Кісі қарасы көп жиналатын жерлерде сақтықты күшейту мақсатында өңдеу жұмыстары басталып кетті. Әсіресе, демалыс базалары мен балалардың жазғы лагерлері басты назарда.
Осы күнге дейін 800 гектар аумақта зиянды тіршілік иесіне қарсы зарарсыздандыру жүргізілді. Негізінен қансорғыш жәндіктер облыстағы 9 ауданда көп кездеседі. Дегенмен, кене энцефалитін тарататын түрлері таулы және орманды өңірлерде екен.
- Облысымызда кене энцефалиті кең тараған қауіпті аймақтар Риддер қаласының маңы мен Қатонқарағай ауданы. Жалпы кене шағып, медициналық көмекке жүгінген адамдардың 59%-і Қатонқарағай мен Риддер қаласының тұрғындары болып табылады, – дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Бағлан Тауанова.