Абай ауданындағы саябақ күрделі жөндеуден өтті
Абай ауданына қарасты Арқат ауылында орналасқан Зәкәрия Белібаев атындағы саябақ күрделі жөндеуден өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Аудан әкімі Жарқынбек Байсабыровтың айтуынша, арқаттықтар өңірде ұйымдастырылатын сенбіліктерге қашан да белсене араласуда.
– Былтыр өткізілген тазалық айлығының қорытындысы бойынша Арқат ауылы аудандағы ең үздік нәтижелерге ие болды. Осы жайтты ескере кере, біз аталмыш елді мекендегі саябақты қалпына келтіру мақсатына қажетті қаражат бөлдік, – дейді аудан басшысы.
Осы ретте Кеңес Одағының Батыры Зәкәрия Белібаев атындағы саябақ 1983 жылы ашылғанын, содан бері жөндеу көрмегенін айта кеткен орынды.
Ал ауылдық округ әкімі Ардақ Өміртаевтің сөзіне сенсек, алдағы күзде парк аумағында 100 түп шырша отырғызылуы тиіс екен. Оның үстіне Ұлы жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында демалыс орнын ауқымды өзгерістер күтіп тұрғанын да айту керек.
Саябақтың ашылу салтанатына аудандағы мемлекеттік органдар басшылары, зиялы қауым мен ауыл тұрғындары, сондай-ақ, батырдың Алматыдан арнайы келген қарындасы Нағима Белібаева қатысқан-ды. Ол өз сөзінде осындай игі істердің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыс айтып, Алматыда Зәкәрия Белібаев атындағы көше бар екенін атап өтті.