Қырғызстан, Армения, Ресей нөмірімен жүрген көліктерге шектеу қойылады
Армения, Қырғызстан және Ресей нөмірімен Қазақстанда жүрген көліктердің қозғалысына шектеу қойылады. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтып берді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Армения, Қырғызстан және ресейлік нөмірдегі көліктер жол ережесін көп бұзады. Үстерінен жиі шағым түседі, – деді Ерлан Тұрғымбаев.
Айтуынша, бізде тіркелмеген мәшинелерге қандай да бір шара қолдану мүмкін емес.
– Олар көбінесе жолаушы тасымалдаумен айналысады. Сондықтан бұдан былай шекарамыздан өтетін мұндай көліктердің барлығына шектеу қойып, уақытша тіркеуге алу керек. Ал транзит нөмірлермен келгендерге Қазақстан аумағынан өту үшін 10 күн рұқсат беріледі. 10 күннен өткен соң олардан уақытша тіркелу қағазын сұраймыз. Қазақстан азаматтарына мұндай көліктермен жолаушы және жүк тасымалдауға тиым салуды ұсынамыз, – деді Ішкі істер министрі.
Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, уақытша тіркеуге алуды іске асыру үшін барлық қоғамдық бірлестік және мемлекеттік органдармен келіссөз жүргізілуде. Осыған орай алдағы уақытта «Жол қозғалысы туралы» заңға өзгеріс енуі мүмкін. Егер жоғарыда аталған мекемелер келісім берсе, мәселе Парламентте қаралады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын шетелдік нөмірмен жүрген ел азаматтарына мәшинесін тіркеу міндеттелетіні айтылған болатын.