KZ
Өскемен
-8°
туман жел 3 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Еліміздегі болашақ дәрігерлер оқу бағдарламасын жетік меңгермеген

29.05.2019, 10:14 143

Қазақстандағы медициналық жоғары оқу орындарының студенттері оқу бағдарламасын жетік меңгермеген, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Total.kz сайтына сілтеме жасап.

Елімізде медициналық колледждер мен ЖОО-лар арасында зерттеу жүргізіліп, студенттердің біліміне баға берілді. Нәтижелерге сәйкес, оқу орындарының көпшілігінде білім сапасының төмендігі анықталған. Мысалы, кейбір өңірлердегі медициналық ЖОО студенттерінің 3%-ы ғана өз білімін көрсете алған екен.

Бұл туралы сенатта өткен депутаттық топтың отырысында Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығы басқармасының төрайымы Гүлмира Жангереева мәлімдеді.

- Қазақстанның аумағында 85 медициналық колледж бар, оның 26-сы мемлекеттік, қалғаны жергілікті әкімдікке қарайтын жекеменшік колледждер. Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен осы министрлікке бағынатын тек 27 колледждегі білім сапасын бағаладық, - дейді Гүлмира Жангереева.

Оның айтуынша, зерттеуге мемлекеттік колледждерден бөлек үш жекеменшік оқу орыны қатысқан.

-  Аса нашар көрсеткіш Маңғыстау медициналық колледжінде, оның студенттерінің 2,2%-ы ғана тексеруден өтті. Оңтүстік Қазақстан медициналық акдемиясында - 7,5%. Interdent жекеменшік колледжінде - 10,5%, - деді орталық басшысы.

Ең жоғары бағаны Қостанай медициналық колледжі алып отыр - 98,8%, екінші орында – Түркістан медициналық колледжі - 96%, үшінші орында Шымкент медициналық колледжі  – 94,8%.

Мамандықтары бойынша алып қарағанда, ең жақсы білімді генэпидемиология бойынша мейірбике ісінің студенттері көрсетсе, стоматолог, ортопед және дантист мамандықтарын оқитын студенттердің білім деңгейі төмен деп танылған.

- Орташа ұпай 41,3%-ды құрады. Алынған нәтижелер бойынша студенттердің базалық пәндерді жетік меңгермегені анықталды, - деп қорытындылады Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығы басқармасының төрайымы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу