Күршімде төгілген күкірт үшін компанияға айыппұл салынды
"ГРК МЛД" компаниясы Күршімде төгілген күкірт қышқылы үшін шамамен 2 млн теңге айыппұл төлейді. Бұл туралы ШҚО экология департаменті мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, суға қауіпті сұйықтық төгілгені әзірге расталмаған. Десе де бейтараптандыру жұмыстарынан кейін тағы бір рет сынама алынған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Тексеру нәтижелеріне сүйенсек, ластаушы заттардың мөлшері белгілі шектен шамамен 50 еседен асқан.
- Жақын маңда елді мекендер жоқ, сондықтан қауіпті сұйықтықтан адамдарға еш қауіп те жоқ. Бүлінген оқиға орнындағы жер қыртысын қалпына келтіру бойынша жұмыстарды жүргізу кезінде, сондай-ақ осы бағыттағы барлық жұмыс атқарылып болғаннан кейін де қайтадан сынамалар алынып, зерттеулер жүргізілетін болады, - дейді ШҚО бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Рауан Тұраров.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қазан айында дәл осы компанияның жүк көлігі күкірт қышқылын тасымалдау кезінде апатқа ұшырап, жерге 25 тонна қауіпті сұйықтық төгілген болатын.
Оқи отырыңыз