KZ
Өскемен
-2°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, Ю
495.95 524.37 4.98

Паромдар жылына 240 мың жолаушы тасымалдайды – ШҚО

17.07.2023, 11:50 424 Оразай Жеңісұлы

«Қызыл Ту» паром өткелі 1963 жылдан бері жұмыс істейді.

Шығыс өңірінде «Қызыл Ту» дейтін өткел бар. Күршім және Зайсан ауданындағы жұртшылық облыс орталығына дәл осы паром өткелі арқылы қатынайды. Өскеменнен шыққан жолаушы өткел арқылы Күршім ауданына дейін 205 шақырым жол  жүреді. Ал Алтай және Зайсан қалаларын басып өтетін айналма жол 400-665 шақырымға созылып кетеді. Әлеуметтік-экономикалық маңызы зор болғандықтан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өткелдің үздіксіз жұмыс істеуін жіті қадағалайды, деп хабарлайды  Altaynews тілшісі.

Жалпы, «Қызыл Ту» паром өткелі 1963 жылдан бері жұмыс істейді. Сол кезден бері жолаушылар мен көліктерді «Ертіс» және «Күршім» деп аталатын дизель-электрөткізгіш паромдар тасымалдап келеді. Қос көлік Ресейдің Тюмень кеме жасау зауытында 1962 және 1964 жылдары құрастырылған. Зауыттағылар паромдарды Бұқтырма су қоймасына арнап, климаттық жағдайларды ескере отырып жасаған көрінеді. Паромдардың техникалық сипаттамалары бірдей: екеуі де 185 тонна жүк көтере алады, 212  жолаушы немесе 50 жеңіл автокөлік сыяды.

 

2018 жылға дейін паромдардың жұмысы және күтімі бюджет есебінен қаржыландырылды. Ал қазір бұған «Облшығысжол» ЖШС жауапты.

– Паром өткелін пайдалану кезіндегі басты міндеттердің бірі – «Ертіс» және «Күршім» паромдарын техникалық жарамды күйде ұстау, қозғалыс кестелерін сақтау және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жұмыс ұжымы штаты жоғары білікті мамандардан жасақталған. Қазіргі уақытта өткелде елуге тарта жұмысшы еңбек етеді. Техникалық немесе күн райына байланысты ақау туындаған жағдайда көлік қатынасын қалыпқа келтіру үшін жедел шаралар қолданылады, – дейді «Қызыл Ту» паром өткелінің басқарушысы Қадылбек Жармұхамбетов.

Бұқтырма мұзы ерігенде өткелде жұмыс жандана бастайды. Жазда паромдар таңғы 6-дан кешкі 9-ға дейін дамыл таппайды. Қыс түсерде жағадан жағаға таңертеңгі сағат 7-ден кешкі 8-ге дейін қатынап тұрады. Мамандардың айтуынша, жылына орта есеппен 240 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетіледі, 80 мыңнан астам көлік тасымалданады. Көлік тасымалының ең төменгі тарифі – 1500 теңге. Жолаушылардың өзінен жолақы алынбайды.

 

Бұқтырма су қоймасынан өтетін көпірдің құрылысы басталғалы да екі жылдан асқанын айта кету керек. Президент пәрменімен салынып жатқан, төрт ауданды байланыстыратын нысанның стратегиялық және әлеуметтік маңызы зор әрі бұл еліміздегі ең ұзын көпір болмақ. Нысан Бұқтырма арнасының ең тар тұсында салынып жатыр. Бұл – Құйған ауылының маңы. Соның өзінде көпірдің ұзындығы 1,3 шақырымнан асады, ал ені 12 метрге жуықтайды.

Көпір құрылысы аяқталған соң Күршім, Зайсан және Катонқарағай ауданының тұрғындары облыс орталығына жыл бойы көлікпен қатынайды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу