ШҚО-дағы ауылдардың бірінде Мәдениет үйі ашылды
Зайсан ауданындағы ауылдық округтің орталығы Айнабұлақта былтырға дейін Мәдениет үйі болмаған еді. Мереке күндері мәдени шаралар өткізетін орын таппай қиналатын ауылдың тұрғындары. Енді сол мәселенің түйіні шешілгендей.
«Ауыл – ел бесігі» деп аталатын тамаша бағдарламаның арқасында былтыр Айнабұлақта 150 орындық мәдениет ордасы ірге көтеріп, ел игілігіне берілген. Ауылдағы ағайынның бөркін аспанға атып қуанғаны-ай сонда. Бүгінгі таңда мерекелік шаралардың бәрі осынау жаңадан бой көтерген әдемі ғимаратта ұйымдастырылып келеді. Жастарға да бос уақытты пайдалы әрі көңілді өткізетін орын табылды. Былтырдан бері бұл жер шығармашыл жастардың нағыз рухани ордасына айналғаны сөзсіз.
Ресми деректерге сүйенсек, 2021-2022 жылдары құрылыс жобасын жүзеге асыруға 415,9 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, ол толық игерілген. Жаңадан бой көтерген нысан 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай былтыр 24 қазанда ашылды. Мәдениет үйінде 150 адамдық көрермен залы, кітапхана, кинопроекцияны технологиялық қамтамасыз ететін үй-жайлар кешені, басқа да қосымша бөлмелер бар. Көрермен залының бірінші қатарында мүгедек арбасына арналған орындар қарастырылған.
– Мұнда оқушыларға арналған түрлі үйірмелер ұйымдастырылады. Жастарға арналған би кеші, ойын-сауық бағдарламалары, мерекелік концерттер, басқа да бұқаралық-мәдени шаралар осында өтеді. Ауыл жұртына тамаша тарту болды бұл нысан. Тұрғындардың біразы осында жұмыс істейді, – дейді ауыл әкімі Әділ Қаламов.