KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 3 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Үндістанда өндірілген екпе салынып жатыр

Фото: gxpnews.net

8.12.2023, 20:33 200

Биылғы 7 желтоқсандағы жағдай бойынша Шығыс Қазақстанда қызылшаның 146 зертханалық расталған жағдайы тіркелген. Қарқынды деңгей – 19,5%. Былтырғы осы кезеңде өңірде қызылша ауруын жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелмеген.


Науқастардың 72,6%-ы 14 жасқа дейінгі балалар болса, 23,9%-ы – ересектер, 3,4%-ы – жасөспірімдер. Ал аурудың таралу аумағы бойынша қарасақ, Өскеменде – 102 адам, Зайсан ауданында – 19, Алтай мен Самар аудандарында – 8 адамнан, Глубокое ауданында – 4, Ұлан ауданында – 3, Риддер қаласында – 1, Шемонаиха ауданында 1 адам қызылша жұқтырған деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.  


Сырқаттанушылық негізінен екпе алмағандар мен екпе салдырудан хабарсыз адамдар арасында тіркелген. 


Биылғы 6 қарашадан бастап қызылшаға, қызамыққа және паротитке (ҚКП) қарсы 6-11 айлық балаларға, желтоқсаннан бастап – қызылшаның егу мәртебесіне қарамастан 2-4 жастағы балаларға қосымша жаппай иммундау (ҚЖИ) жүргізіліп жатыр. 

– Қызылшаға және қызамыққа қарсы қосымша иммундау кезінде Үндістанда өндірілген қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Бұл вакцина қауіпсіз, әлемнің 70-тен астам елінде, оның ішінде Еуропа елдерінде қолданылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған және мемлекеттік тіркеуден өткен. Елімізде бұл вакцина 20 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. 2015 және 2019 жылдары қызылша ауруын оқшаулау үшін осы вакцина қолданылды, иммундаудан кейінгі асқынулар тіркелген жоқ. Қосымша иммундау балалардың тіркелген жері бойынша амбулаториялық-емханалық ұйымдарда тегін жүргізіледі. Осы мақсатта облыста вакциналардың жеткілікті көлемі бар. Қосымша иммундау науқанының негізгі мақсаты – қызылша ауруы мен оның асқынуларының одан әрі таралуын болдырмау.
Құрметті ата-аналар, облыс тұрғындары, егер сіздердің жақындарыңыз бен балаларыңыз қызылша індетіне қарсы екпе алмаса, оларға дереу тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдарға барып, індетке қарсы екпе алу қажет. Есте сақтаңыздар! Аталған індеттің алдын алудың ең тиімді жолы – қызылшаға қарсы екпе алу. Қызылшаға қарсы нақты емнің жоқ екені  бәріне белгілі, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Сләмғазина.


Жанаргүл Мұқатай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу