Болжамды екінші толқынға 6 мыңнан астам төсек-орын дайын - ШҚО
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Ілияс Тұңғышқанұлының мәліметі бойынша, екінші толқынға облыста 6010 төсек-орын дайындалған.
Наурыз айында бізде 100 инфекциялық, 411 провизорлық, 500 карантиндік төсек болса, қазір бұл көрсеткішті бірнеше есе арттыруға қол жеткізілді. Бүгінгі таңда 1448 төсек ашылды, басқа орындар сақадай-сай.
Бірақ әзірге керексіз болғандықтан, ол жерде тұрғындарға әдеттегі бейінді медициналық көмек көрсетілуде.
Инфекциялық стационарлар Өскеменде облыстық ана мен бала орталығында, облыстық аурухана мен облыстық мамандандырылған медициналық орталықта, №4 қалалық ауруханада, Семей қаласында жедел жәрдем ауруханасы мен №2 қалалық ауруханада сақталған.
Қараша айында облыс орталығындағы бұрынғы жедел жәрдем ауруханасының ғимаратында жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталып, 250 орындық заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген пульминологиялық орталық іске қосылады. Бүгінгі таңда барлық қажетті құралдардың 50-60 пайызы жеткізіліп, қоймада сақталулы, қалғандары қазан айының соңына дейін жеткізілуі тиіс.
- Қазір облыста 300 науқас коронавирустан емделіп жатыр. Арасында балалар да бар. Оқушылар арасындағы жағдай республика көлемінде тіркеліп отыр. Бастысы – уақытында ем-домдарын алып жатқаны. Бірінші кезеңде тіркелгендердің 97 пайызы, бұл - 8600 науқас, құлан-таза жазылып шықты. Сол себепті біз болжамды екінші толқынға позитивті көзқараспен қараймыз. Төсек-орын жеткілікті, мыңнан астам ошақ СЭС органдарының бақылауында, барлық пациенттер тізімге алынған, оларды тексеріп отырады, - дейді салалық басқарма басшысы.
Өңірде індет жайлаған алғашқы кезеңде де өкпені жасанды желдету аппараттарының, оттегі концентраторларының тапшылығы болмаған.
Басқарма басшысының айтуынша, бір науқастың өмірін екіншісінің есебінен сақтау, аппаратты бірінен жұлып алып, екіншісіне салу сияқты келеңсіздіктер кездескен жоқ.
Қаңтарда 76 концентратор болса, қазір 1142 концентратор бар. Басында 50 өкпені жасанды желдету аппараты болса, қазір министрліктің қолдауымен тағы 100 отандық осындай аспапқа қол жеткізіліпті, демеушілердің көмегі бар, сонымен барлық жиыны 350 аппараттың қоры жиналған. Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жинақталған.
- Алғашқы кезеңде препараттардың тапшылығы болғаны рас. Өйткені инфекциялық стационарға айналған ауруханаларға о баста бейіндік дәрі-дәрмектерге тапсырыс берілген. Одан кейін белгісіз індет, оны немен, қалай емдеу керектігін ғалымдар күнделікті зерттеулердің нәтижесінде анықтап отырды. Жаңадан шыққан дәрі-дәрмектер не тиімсіз болды, не кері әсері көп болғандықтан, емдеу хаттамасы он үш рет өзгерді. Оның үстіне коронавирусты жұқтырғандарда қант диабеті, гипертония сияқты созылмалы дерттері болса, олар қозып кетті. Оның препараттарын дереу табу керек болды. Бұл жағдайға тез бейімделу оңай болған жоқ. Ол тығырықтан біз сол жолы облыстағы емдеу ұйымдарының арасында дәрілердің вируалды қоймасын жасап, өзара алмасу арқылы шықтық. Қазір жағдай түзелді. Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жинақталған, - деді Ілияс Мұхамеджан.