ШҚО-да жедел қызмет көліктеріне жол бермегендер енді қатаң жазаланады
Жергілікті полиция қызметкерлері мен құтқарушылар отряды адам өміріне қауіп төнген жағдайда жедел қызмет көрсетуге арналған көліктерді алға жібермей, бөгейтіндерді нақты анықтау үстінде, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Әсіресе шетелдік қымбат көлік мінгендер сигнал жүйесі іске қосылып тұрса да, кесе көлденең тұрып алады екен. Бұл сәттерде көмек күткен адам өліп те кетуі мүмкін екенін естен шығарғандар жеңіл көліктерінің ішіне музыка қосып алып, сырттағы сиренаны естімей отырады.
Жедел жәрдем көлігіндегі дәрігерлердің секундтарды санап отырғанымен шаруасы жоқ.
-Осы тексеру барысына бірнеше заң бұзушылықты тіркедік, оларға арнайы протокол толтырдық,-деді Семей қаласындағы №2 СПЧ-2 Отряды бастығының орынбасары Александр Селинкин,-бізге шұғыл қимылдамайсыздар деп жатады. «Өртеніп кеткен соң неменеге келдіңіздер?» деп те ренжиді. Біздің диспетчерлік пунктке шақырту түскен соң тез шығамыз. Бірақ жолда көлік жүргізушілері қасақана бөгеп, біз содан тұрып қаламыз.
Жол-патрульды полиция қызметіндегілердің айтуынша, Жол қозғалысы бойынша шұғыл келе жатқан арнайы қызметтегі көліктерге жол бермейтіндер енді бұдан былай қатаң түрде тексеріліп тұратын болады.