KZ
Өскемен
+19°
ясно жел 4 м/с, З
479.05 534.57 5.17

Медициналық көмек келгенше алғашқы жедел жәрдем көрсетуді үйренуіміз керек

16.05.2018, 02:57 136

Семей мемлекеттік медицина университетінде адам өміріне қауіп төнген жағдайда шұғыл көмек көрсету туралы БАҚ өкілдеріне семинар-тренинг өткізілді. Тренинг барысында журналистер адамның жүрегі қысып қалғанда қандай көмек шұғыл жасау керек, балалар бөгде зат жұтып қойғанда не істеу қажет, жарақат алған кезде қолды, аяқты қозғалтпай ұстау, таңып байлау тәрізді алғашқы көмектердің көптеген түрлерін үйренді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Қатысушылар мұнда сыртқы автоматтандарылыған дефибриллятор жабдығымен де танысты. Семейде алғашқы медициналық жедел жәрдем көрсету бойынша курстар тұңғыш рет ұйымдастырылып жатыр. Бүгінде республиканың барлық аймағында 100-ден аса қатысушы тренингтен өтуде екен.


-Маған бұл курс өте ұнады,-деді облыстық «Рудный Алтай» газетінің тілшісі Екатерина Гуляева,-әрине, біз журналистер түрлі оқиғалардың ортасында жүреміз. Сонда адамдарға көмек көрсету біздің парызымыз. Осындай тренинг ұйымдастырып отырған Семей мемлекеттік медицина университетінің ұжымына үлкен рахмет.


Мәселен, жол көлік апатына түсіп қалғанда зардап шеккен адамның тынысын тексеріп, жүрегіне массаж жасасаңыз, оны жедел жәрдем келгенше аман алып қалуға болатындығын журналистер қауымы тренинг барысында үйреніп, көріп білді. Әйтпеген күні тек медицина қызметкерлерін ғана тосып, өлім аузындағы адамды құтқара алмайтын да жағдайлар кезігеді екен. Егер жолда оқыс оқиғаның куәгері болсаңыз, жедел жәрдем жеткенше алғашқы медициналық көмек көрсету үшін не істеу керек, міне осыларды Семей мемлекеттік медицина университетіндегі оқу-клиникалық орталығының мамандары әбден үйретті деуге болады.


-Біз осы акцияны журналистерден бастап отырмыз,-деді университеттің оқу-жаттығу орталығының директоры Динара Мұқанова,-Қазақстанда медициналық көмек жетпей жатып, әсіресе жол апаты кезінде адамдар қайтыс болып кетіп жататын оқиғалар бар. Бұл қазірде 42 пайыздық көрсеткішті көрсетіп тұр. Сондықтан да парамедик болуды үйреніп алған жөн. Парамедик дегеніміз бұл медициналық білімі болмаса да, дәрігер келгенге дейін бір жағдай жасап, қиналып жатан адамның өмірін ұзартуға ықпал ету. Егер біз парамедиктердің қатарын көбейтсек, адам өмірін сақтап қала аламыз. Мәселен, Голландияда адамға алғашқы көмек беруді бала кезден, тіпті балабақшадан үйретеді. Журналистерден парамедик даярлау арқылы біз осы саланы халыққа кеңінен таратпақпы. Әсіресе адам өмірлерін сақтап қалғымыз келеді.


Мәселен, апатты жағдайда демін әрең алып қалған адамды қолдан тыныс алдыруға келсек, оны жасау үшін науқастың біріншіден денесін қысып тұрған киімдерін шешіп, аузындағы жиналған түкірік, құсықты тазарту керек. Жүрек қағысын тыңдау үшін тамырын ұстап, мұрнына құлағыңды тосып демалысын көру керек екен. Көлік апатына түсіп зардап шеккенді көліктен шығарып, тегіс жерге шалқасынан жатқызған жөн. Сосын кеудесін ашып омырауының қақ ортасындағы төс сүйегіне сол алақаныңның білек сүйегін қойып, содан оң алақаныңмен айқастырып бар күшіңмен басып, кеудеге 3-4 см төменірек 30 рет ритмикалық серпіліс беру керек . Бұның бәрі адам өз-өзіне келіп, ес жиғанша, жедел жәрдем келгенше жасайтын алғашқы көмектер.


Міне, осылайша барлық мәселені көрсетіп үйреткен оқу-клиникалық орталығының мамандары қатысушыларға басқа да жедел көмектермен таныстырды.


-Алғашқы көмекке қан ағуды тоқтату әдістері де жатады,-деді дәрігер мамандар,-жәрдем көрсету шараларына медицина қызметкерлерін бірден шақырту керек. Қан ағуды тоқтату уақытша және біржолата тоқтату болып екіге бөлінеді. Әдетте қан ағуды уақытша тоқтатуды науқасты ауруханаға жіберердің алдында, жарақат алған жерде жедел жәрдем қызметкері, орта медициналық білімі бар маман іске асырады. Міне, оған дейін қан кеткен жерлерді таңып байлау қажет.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив