KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 6 м/с, ОШ
485.11 523.82 5.02

Семейде сең қозғалысы реттелгенімен, өзен суы әлі де елді мекендерге жайылуда

30.03.2018, 11:30 174

Ертістің арынды суы енді Мирный және Контрольный аудандарына қауіп төндіруде. Алдыңғы ақпараттарда келтіргендей, тасқынды басу үшін мұзды жару жұмыстары қолға алынған-ды. Алайда сеңнің қозғалысы реттелгенімен қарт өзеннің суы маңайдағы елді мекендерге жайылып жатыр.



Бүгін мұздағы жару жұмыстарының үшінші кезеңі іске асқан-тын. Ол шамамен Мирный, Контрольный аудандарына таяу маңда орындалды. Бұл аумақ шаһардың төменгі жағында орналасқан. Мұнда жағалауға жақын тұрған баспаналар аз емес. Өкініштісі сол, жарылыстан кейін қызыл су жеке секторға лезде тараған.


-  Төменгі жақтағы тұрғын үйлердің біраз бөлігін су алған. Жаңа ғана сол маңайда тұратын көршімізбен сөйлестік. Ол топан су үйіне дейін кіргенін айтты, - дейді өзін Алексей деп таныстырған жергілікті тұрғын.


Азаматтық қорғаныс қызметінің ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта ұзын-саны 300-ге тақау үйді су алыпты. Атап айтқанда, Пристань ауданында 140 баспанаға залал келсе, Бобровка кентінде 150-дей тұрғын үй мен 600-ге тарта саяжай учаскесіне зардап тиген. Ал қонақүйлерге 2 күннің ішінде 350-ден аса адам эвакуацияланған екен. Бұған қоса Ертістің деңгейі 324 см-ден 318 см-ге дейін түсті деп мәлімдеп отыр ресми уәкілдер.


Әйтсе де жауаптылар Шүлбі СЭС-нан судың мөлшері орта тәуліктік 1800 текше метр көлемімен жіберіліп жатқанын айтты. Дей тұрғанымен құзырлы органдар бұл жағдайдың оң өзгеруіне әсер беретініне сенімді. Сол сияқты су апатынан келген материалдық шығын көлемін арнайы комиссия анықтап жатқанын айта кеткен орынды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив