Үй жануарларын егу міндетті ме?
– Қолдағы малдарды жыл сайын егіп жатады. Тіпті, жылына екі рет егеді. Үй малдарын егу қаншалықты міндетті? Оның дәрісін өзіміз алып егеміз бе, әлде сатып бере ме? Егер қолдағы малды ектіруден бас тартқан жағдайда жауапкершілік қарастырылған ба?
Жайық Есмұратов
Тарбағатай ауданы.
Сауалға облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асқар Шынтеміров жауап береді:
– Адам жанында тұратын жануарлар инфекциялық зақымданудың қатерін тудыруы мүмкін. Адам мен жануарлар үшін жалпы болып келетін көптеген ауру топтары бар. Олар шағып алғанда, байланыс, алиментарлы (тағам) және басқа да жолдармен таралады. Тек қана жануарлар арасында таралатын инфекциялар бар. Олар адам денсаулығы үшін қауіпті емес, бірақ мал шаруашылығына елеулі экономикалық залал әкеледі. Бүгінгі таңда егу – бұл жануарларды инфекциядан қорғаудың ең сенімді тәсілі.
Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» заңының 25-бабына сәйкес, заңды және жеке тұлғалар міндетті:
- ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өз жануарларына уақтылы вакцина егуді және диагностикалауды қамтамасыз етуге;
- ветеринария саласындағы мамандарға ветеринариялық іс-шараларды жүргізу бойынша қызметтік міндеттерін орындаған кезде жәрдем көрсетуге.
Қолданыстағы «Ветеринария туралы» заңның талаптарын орындамаған жағдай үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.