KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 1 м/с, В
480.11 532.25 5.14

Өскемендегі "Қымызмұрындық" мерекесі қымызсыз өтті

14.05.2017, 18:00 224



Қазақтың «Қымызмұрындық» деп аталатын дәстүрі қаланың қақ ортасында жаңғырды. Өскемендегі этноауылға жиналған көпшілік осы бір сахараның сал мәдениетін көріп тамсанып қайтты.

Облыстық этнографиялық мұражай қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен шара естіген жұртты елең еткізгені шындық. Қымызмұрындық тойы еліміздегі басқа қалалаларда бұрыннан тойланып келе жатса да, Өскемен жұрты үшін алғаш рет өтіп отыр.

Қазақ халқы биені әр жылы ең алғаш байлағанда, туыс-туғандарын, көрші-қолаңдарын шақырып, кішігірім той қылып өткізетін бұл дәстүр қазіргі заманда қалай тойланады екен деп біз де елеңдеп бардық. Бұрынғылар қыстан қалған сүріні былқытып қойып, ат шаптырып, көңіл көтерсе, этноауылдағы бұл той да сол дәстүрден кем өткен жоқ. Ұлттық киімдер киген ақсақалдар ақ батасын жаудырса, ақ шылауышты әжелер халық әндерін әуелетті. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың жанынан құрылған «Шабыт» жастар театрының әртістері аталмыш дәстүрге байланысты қойылымды сахналады. Осы шараның өтуіне сүбелі үлес қосқан Өскемендегі дарынды балаларға арналған мектеп-лицей оқушылары да патриоттық әндерден шашу шашты.

- Біздің бар мақсатымыз өңірдегі ұмыт бола бастаған осы дәстүрді ұрпақ санасында жаңғырту болатын. Бірнеше шаруа қожалығы қатысуға келісімін берген еді. Бірақ бүгін Катонқарағай өңіріндегі Топқайың ауылының ғана қымызы келіп отыр. Бұл бастамасы ғана, көш жүре түзеледі деп сенемін, - дейді аталмыш мұражай қызметкері, шараның ұйымдастырушысы Гүлнар Бекбердинова.

Жауапсыз шаруа қожалықтарының кесірінен қымыз жәрмеңкесі өткен жоқ. Сары қымыз сапырып, саумалдың жұпар иісіне масаттанғалы келген жұрт ән-жырдан шабыт алып қайтты. Ал мектептерден келген оқушылар мен қала жұртшылығы қымыздың қалай дайындалатынынан тартып, қандай түрлері бар екеніне дейін толық ақпарат алды.

Мұратхан Кенжеханұлы

Сурет: Есімхан Орынбаев




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив