KZ
Өскемен
+12°
небольшая облачность жел 2 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

Аналар «Күміс алқа» белгілерімен марапатталды

21.02.2014, 18:00 235



Бір отбасын ғана емес, бүкіл әлемді аялы алақандарымен тербете алатын, адамзат баласының тірлігі мен бірлігінің, ізгілік пен мейірімділігінің ұйытқысы болған аналарымызға қанша құрмет көрсетсекте аздық етеді. Десек те, көп балалы аналардың жағдайларын қолдан келгенше қарастырып, мұқтаждықтарын өтеу - мемлекет назарынан тыс қалған емес.

Осы орайда 21 ақпан күні Семей қалалық әкімдікте көп балалы аналарға құрмет көрсетілген салтанатты шараның куәсі болдық. Семей қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаева, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов пен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Қалияс Жұмабай алтын құрсақты аналардың кеудесіне «Күміс алқа» белгілерін қадап, орден кітапшаларын салтанатты түрде табыс етті.

- Құрметті, аналар, біз бүгін қалалық әкімдікте сіздерге Елбасымыздың марапатын ұсыну үшін шақырып отырмыз. Халқымыз айтқан ғой: «Ең әдемі әйел ол – өмірге көп бала әкелген ана» деп, сондықтан сіздер жарық дүниеге ұрпақ әкеліп, соның бақытын көріп жүрсіздер бүгінде. Ұрпақ өсіріп, еліміздің демографиялық дамуына зор үлес қосып жатқан аналарға мемлекет үлкен көмек көрсетіп жатыр. Қазақта «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген ұлағатты сөз бар. Әр баланың өз несібесі мен ырыздығы болады. Сондықтан да осы балаларыңыздың, немере-шөберелеріңіздің қызығын көріңіздер!- деді қала әкімінің атынан құттықтауын жеткізген Зәуреш Исабаева.

«2014 жылы 21 қаңтардағы Жарлық бойынша «Күміс алқа» медальі көп балалы аналар: Олжаева Майраш, Танскожанова Жанар, Тырнахова Гульнарларға табыс етілді.

Аналар «Күміс алқа» белгілерімен марапатталды

«Күміс алқа» иегері атанған жас ана ретінде Гульнар Советқызын сөзге тартқан едік. Г. Советқызы:

- Құдай берген алты баланың анасымын. Жасым - отыз үште. Қазір тұңғышымыз он үште, кішкентайымыз бір жарым жаста. Жолдасым қант орталығында жүргізуші болып жұмыс істейді. Таңертең үлкен ұлым, түстен кейін екі ұлым сабаққа кетеді. Үшеуімен үйде қаламын. Күні бойы солардың жұмыстарынан қолым босамайды. Қалада пәтер жалдап тұрамыз. Өзімізге арнап баспана салмақ ойымыз бар. Тұрғын үйге кезекке тұруға мемлекеттік қызметте болу керек екен. Бұрын көп балалы ана ретінде төрт балаға жергілікті бюджеттен, қалалық төлем орталығынан 6900 теңге алып жүргем. Енді сол несібеміз мына төс алқаның арқасында 10700 теңгеге ұлғайды. Айтулы мерекелерде мысалы, 8 наурызда, балалар күнінде бес-бес мыңнан алатын төлемақымыз бар. Мемлекеттің жасап жатқан қамқорлығына көп рахмет. Алдағы уақытта да аналардың жағдайлары қарастырылып, жәрдемдер жасалса деген тілегім бар.

Қаламызда бұл марапат 2010 жылдан бастап есептегенде бүгінгі таңда 2530 адамға берілген екен. Елбасымыздың өзінің қолымен қойылған куәлікті алу – аналар үшін зор мәртебе болмақ.

Дүниеге ұрпақ әкелуді тоқтатпаңыздар, алтын аналар!

Медет Демежанов
сурет автордікі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив