KZ
Өскемен
+11°
ясно жел 1 м/с, С
481.19 538.45 5.18

RADIO ALTAY жаңалықтары - 02 шілде 2012 жыл

1.07.2012, 18:00 277


Кешкі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Бұқтырманың жағасында орналасқан «Көгілдір бұғаз» демалыс үйінде кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылған облыстық Журналистер форумы өтті. Форум аясында журналистерді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтап, жылдың үздік қаламгерлеріне «Журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығын табыс етті.

«Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі Өскемен металлургия кешенінің балқыту пешінде алғашқы қорғасын құймасының өндірілгеніне 60 жыл толды. Еліміздегі ең байырғы кәсіпорындардың бірі-қорғасын зауытының ұжымы 60 жылдық мерейтойын атап өтті.

Өскеменде «Табиғат қорғау- болашақты қорғау» атты жас экологтардың республикалық форумы ашылды. Онда еліміздегі 16 аймақтан келген 80-нен аса үздік оқушылар бас қосты. Олар «Табиғат пен өмір, адамзат пен ғаламшар-біртұтас» атты көрме және қошаған орта бойынша ғылыми шығармашылық жұмыстарын ұсынады. Қонақтар қаланың тарихи нысандарымен де танысты.

Тарбағатай ауданы Ақжар ауылындағы «Балағазы-2» шаруа қожалығының жетекшісі Самат Қыдырмолдаұлы "Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан 20 миллион теңге несие алды. Қазіргі уақытта 500 бас ірі қара малына лайықтап қора және бақташыларға арнап үй салып жатыр. Ол қазақтың ақбас сиырын өсірмекші.

Өскемендегі Үлбі өзенінде Астана көшесі мен Протозанов көшелерін қосатын тағы бір жаңа көпір салынбақ. Оның құрылысы басталып та кетті. Кеше өзеннің көпір орналасатын бөлігіне көпір тіреуіштері қойыла бастады. Жаңа көпірдің ұзындығы 310 метр, онда екі бағыттағы көлік жолдары мен тротуарлар болады. Жөндеу жұмыстарына кететін қаражаттың жалпы сомасы 2 миллиард теңгені құрайды.

Шемонаиха ауданы мектептерінен киіз үй қалашығында 70 бала демалып, денсаулықтарын сауықтыруда. Олар жан-жақтан келген өз қатарластарыммен танысып, ойнап-күліп, лагерьдегі әр күнін қызықты өткізіп жатыр.


Таңертеңгі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

«Қазақмыс» корпорациясы Николаев кен байыту фабрикасын жаңғырту жұмыстарымен айналысуда. Кәсіпорын бұл істі тыңғылықты атқарып шыққаннан кейін кенді қайта өндеу қуатын қазіргі мөлшерлемеден 400 мың тоннаға дейін арттыруды межелеп отыр. Өндірістік көрсеткіштерді өсірумен қатар, кеншілердің еңбек жағдайын жақсарту шаралары да іске асырылады.

Күршім ауданы Қалжыр ауылында биыл іске асырылатын 17 жоба бойынша 57 жұмыс орны ашу жоспарланған. Ж.Дүтпаев мал сою алаңының көлемін ұлғайтып, қайта құрмақшы. Жеке кәсіпкер Ә.Ниязбаева ұзақ уақыт бері тұрған ғимаратты жөндеп, 250 орындық дәмхана ашып, 3 адамды жұмысқа қабылдамақшы. Ж.Әзімбаев өз қаражаты есебінен 12 орынды қонақ үй ашуды қолға алды. Мұнда 8 адамды жұмыспен қамтылады.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Экология және жаратылыстану ғылымдары факультетіне қарасты география кафедрасында түрлі минералдар мен тау жыныстарының бірегей коллекциясы жинақталған. Мұнда барлығы екі жарым мың минералдың 8 мыңнан астам үлгісі бар. Ең бастысы сол, дәл осындай бай әрі бірегей мұра Қазақстанның басқа еш өңірінде жоқ.

Катонқарағай аграрлық-техникалық колледжінің 72 түлегі тракторшы, газбенэлектрмен дәнекерлеуші, омарташы мамандықтары бойынша білім алып шықты. Оларды аудандағы шаруашылықтарға жұмысқа орналастыру жағы да шешілген. Сондай-ақ колледждің оқу-өндірістік шеберханалары мен зертханаларын жаңалап, қайта жабдықтау үшін 35 миллион теңге бөлінді.

Ұлан ауданы Мамай батыр ауылының М.Ломоносов атындағы орта мектебінде дене тәрбиесі мұғалімі, ардагер ұстаз Бақытбек Оразимановтың құрметіне волейболдан аймақтық турнир өтті. Қызықты әрі тартысты өткен сайыс қорытындысында бас жүлдені «Ақбұлақ» командасы жеңіп алды.






Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив