KZ
Өскемен
+11°
ясно жел 1,4 м/с, ОШ
480.11 532.25 5.14

Соғыс ардагерін еске алуға арналған турнир өтті

9.05.2012, 18:00 98


Көкпекті ауылында волейболдан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл толуына және Ұлы Отан соғысының 67 жылдығына орай соғыс ардагері Сағидолла Ағзамовты еске алуға арналған турнир өтті.

Бұл шара Көкпекті жерінде осымен 26-шы рет өткізіліп отыр. Жарысты өткізуге Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры, техника ғылымдарының кандидаты, қол күресінен әлемнің екі мәрте, Азияның сегіз дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мұхамедолла Сағидоллаұлы Ағзамов және оның отбасы ұйтқы болды.
Көкпекті орта мектебінің спортзалына құрметті қонақтар шақырылып, командалар сап түзеді. Жылда облыстық дәрежеде өткізілетін жарысқа биыл өзгеріс енгізіліп, ауданның 18 ауылдық округінің және ардагерлер командалары сайысқа түсетін болды.
Жарысқа қатысушыларды аудан әкімі Д.Мусин құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– «Халқыма қорған боламын» деп қан майданда жанын қиған ержүрек батырлардың есімі қашан да ел есінде. Біздің ауданнан соғысқа 12 мың адам аттанса, бүгінде көзі тірі 26 ардагер ғана қалды. Бүгін Мұхамедолла Ағзамов өзінің әкесінің құрметіне дәстүрлі турнирді өткізгелі отыр. Бұл Отан үшін оққа ұшқан бүкіл ардагерлерді де еске алу деп білген жөн. Елбасы өз сөзінде саламатты өмір салтын қалыптастыру туралы үнемі айтып келеді. Бұл турнирде де жастарды саламаттылыққа тәрбиелеу мақсаты қойылып отыр, – деді ол.

Ардагерлер атынан сөз алған Бауыржан Керімбаев ізбасарларымыз көп болсын деп Самар ауылдық округінің командасына доп сыйласа, жастар атынан сөйлеген Заңғар Заманбеков ауылдағы спортқа қолдау көрсетіп жүрген ағаларына алғысын білдірді.
Сұрапыл соғыстан аман қайтқан Сағидолла ата жаны жайсаң Гүлжауһар апамызбен отау тігіп, дүниеге 9 қыз, 3 ұл әкелді. Балаларды аяғынан тік тұрғызу оңайға түскен жоқ.

– Әкеміз бізді ақылды да тәртіпті, еңбекқор етіп тәрбиелей білді. Жастар әкелеріне құрмет көрсетсін, қадірлей білсін деген мақсатпен осы турнирді өткізіп отырмыз. Жас кезімізде біз от-басымызбен спортқа, әсіресе, волейболға құш-тар болдық. Өз басым сол кездері республика-лық чемпионатқа дейін барғанмын. Үржарда тұрсақ та, әке сүйегі жатқан Көкпекті жеріне жылда келіп, құран бағыштаймыз. Ел іргесі аман болсын, – дейді Сағидолла атаның екінші қызы Мензифа Шөмшекова.
Көкпекті орта мектебінің ұжымы мен оқу-шылары Мұхамедолла Сағидоллаұлын кездесуге шақырды. Ол өзінің туған жері, әкесі, өзі туралы тағылымды әңгіме айтып берді.

Кездесуден кейін М.Ағзамов қол күресінен шеберлік класын көрсетті. Мектеп директоры Д.Ибраимова оған мектеп ұжымы мен оқушылары атынан алғыс хат пен сыйлық табыс етті.

19 команда арасындағы бәсеке ұзаққа созылды. Нәтижесінде бірінші орынды Белое ауылдық округінің командасы иеленді. Ақшалай сыйлық пен арнайы сертификатты командаға Мұхамедолла Сағидоллаұлы өзі табыс етті. Екінші орынды ардагерлер, үшінші орынды Палатцы ауылдық округінің командалары ен-шіледі. Олар және жекелеген ойыншылар да ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив