«Торпедо» өз айдынында тағы жеңілді
Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының 20-шы турында Өскеменде «Тамбов» командасын қабылдаған «Торпедо» қарсыласына қосымша уақытта жол беріп қойды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жалпы, аталған матчта жерлестеріміз 0:2 есебімен ұтылып жатып, соңғы жиырмаминуттықта таразы басын теңестіре білді. Шайбаларды шабуылшылар Андрей Белозеров пен Александр Шин соқты. Дегенмен, бұл күні сәттілік «Торпедоға» қарағанда қонақтарға көбірек жолдас болды. Кездесудің қосымша уақытында тамбовтық хоккейшілер «Торпедо» қақпасынан саңылау тауып, осылайша жеңісті жұлып әкетті. Қорытынды есеп 3:2 «Тамбов» пайдасына.
Бұл ойынның қорытындысы бойынша қоржындарына тағы бір ұпай түсірген торпедолықтар қазір 19 ұпаймен турнир кестесінің 17-ші орнында орналасуда.
Келесі кездесуін жерлестеріміз өз айдынында Воронеждің «Боран» командасымен өткізеді. Аталмыш ойын 2 қараша, жұма күні кешкі сағат 18:30-да басталмақ.