Елімізде 2023 жылдан бері «Тарифті инвестияға айырбастау» бағдарламасы іске асырылып жатыр.
ШҚО-дағы тозығы жетіп, жаңартуды қажет ететін коммуналдық кәсіпорындар да аталмыш бағдарламаға кірген. Оның басты мақсаты - коммуналдық инфрақұрылым мен желілерді қайта жаңарту, жаңғырту және кеңейту, жабдықтардың тозуын азайту, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Облыс орталығындағы жылу энергетикалық кәсіпорындарында жабдықтардың тозуынан бөлек, жылдар бойы жалақы көтерілмей, білікті мамандар жұмыстан кеткен.
Аталған проблемаларды шешу үшін «Өскемен ЖЭО» ЖШС, «Согра ЖЭО» ЖШС және «Өскемен жылу желілері» АҚ Табиғи монополияларды реттеу департаментіне 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап тарифтерді өзгертуге өтінімдермен жүгінген көрінеді.
- «Өскемен ЖЭО» ЖШС тарифтерді көтеру есебінен қазандық агрегаттары мен жабдықтарына күрделі жөндеу жүргізу үшін 1,8 млрд теңге сомасына қосымша инвестициялар тарту және тозу көрсеткішін 65% - дан 63% - ға дейін төмендету жоспарланған. Өз кезегінде, кадр мәселесін шешу үшін қаланың жылумен жабдықтаушы компаниялары тариф есебінен қызметкерлердің жалақысын орташа статистикалық деңгейге дейін орта есеппен 23%-ға арттыру көзделіп отыр, - дейді ШҚО Табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары Жұмагүл Мүсіпова.
«Өскемен ЖЭО» ЖШС бас директоры Данияр Нұғымановтың айтуынша, жылу электр орталығы коммуналдық кәсіпорын болғандықтан қаржыландыру аясы тарифтерге тікелей байланысты.
- Өздеріңіз білетіндей, станцияның толыққанды жұмысын жүргізетін бірден бір элемент – көмір. Біз «Қаражыра» көмір кен орнының қатты отынын қолданамыз. Ол өткен жылы 15 пайызға, ағымдағы 2024 жылы 14,8 пайызға қымбаттады. Оның тасымалы да өткен жылы 5 рет өсіп, 20 пайызға артты. Ал, үстіміздегі жылы 12 пайызға қымбаттап үлгерді, - дейді ол.
Қазір аталған ЖЭО-да 9 қазандық пен 7 турбина жұмыс істеп тұр. Жылыту маусымы штаттық режимде жүріп жатыр.
- Бізде ШҚО-да ірі кәсіпорындар, металлургиялық зауыттар көп. Ол жерде жалақы да көп. Тарифтерді көтеру коммуналдық қызметтердің жалақысын көтеруге мүмкіндік береді. Ол арқылы білікті мамандар жұмыстан шықпай, ваканциялар саны көбейеді деген үміттеміз. Ол үшін ЖОО және колледждермен жұмыс істеудеміз. Осы арқылы кадр жетіспеушілік мәселесін шешпекпіз.
Бұл шаралар өңірдегі жылумен жабдықтаушы компаниялардың 1 063 қызметкерінің жалақысын арттыруға мүмкіндік береді.
- Осылайша, жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, жылумен жабдықтау қызметі бойынша орташа чектің құны 1 бөлмелі пәтерлер үшін 657 теңгеге, 2 бөлмелі пәтерге 837 теңгеге және 3 бөлмелі пәтерлер үшін 1 075 теңгеге артады, - деді Жұмагүл Жомартқызы.