Өскемен тұрғындарына «Наурыз қоржын» таратылды
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жүзеге асқан «Ұлы дала дәмі» ұлттық жобасы жұртқа қуаныш сезімін сыйлады. Еліміздің түкпір-түкпірінде көктем мерекесіне орай «Қоржын» таратылып, байырғы баба дәстүр қайта жаңғырды.
Наурыз мейрамына орай таратылып жатқан қоржындардың атауы да ұлттық құндылықты насихаттауға негізделген. Балалы отбасыларға таратылған қоржын «Тарту» деп аталса, еңбек адамдары мен зиялы қауымға «Сыбаға» атты Наурыз қоржыны тарту етілді. Осындай қоржын бүгін Өскемен қаласында 37 отбасына таратылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Байырғы бабалар «бермесең алыспайсың, бармасаң алыстайсың» дейді. Қоржын алған отбасылардың қазаны толмаса да көңілі тоғайып қалары анық.
Сондай-ақ Көрісу күні қала әкімдігінің ұйымдастыруымен белсенді жастар қарияларға барып сәлем беріп, ақ батасын алды. Қаламгер қария Айтмұхамбет Қасымов: – Өте дұрыс бастама екен. Алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын тапса дейміз. Қарттарға сәлем беріп, бата алатын жастарымыз аман болсын, Ұлыс оң, ақ мол болсын. – деді.