Бүгін елімізде БАҚ саласы қызметкерлерінің күні. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев ALTAI телеарнасының ұжымын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Аймақ басшысы телеарнаның материалдық-техникалық базасымен, мұрағатымен танысып, ұжыммен емін-еркін әңгіме өрбітті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
– Баршаңызды Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін! Журналист – аса қажетті және абыройлы мамандық, ақиқаттың, шындықтың жақтаушысы. Өз басым ақпарат саласының өкілдерін ерекше құрметтеймін. Сіздер әрдайым ел игілігі үшін қызмет етіп келесіздер, – деді өңір басшысы.
ШҚО әкімі журналистер мемлекеттік саясатты бұқараға түсіндіру, қоғамның өткір мәселелерін көрсету, оларды шешу, ақпараттандыру және ағарту ісінде айрықша қызмет атқаратынын да атап өтті.
– Медиа саласы мамандарының қажырлы қызметтері, ерен еңбектері үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздердің кәсіби тұрғыдан шыңдалып, жайлы жағдайда еңбек етулеріңіз үшін тиісті көмекті алдағы уақытта да көрсететін боламыз, – деді Ермек Көшербаев.
Сондай-ақ аймақ басшысы өңір журналистикасының дамуына қосқан үлестері үшін телеарнаның бір топ қызметкеріне алғыс хаттармен марапаттады.
– Осы арнада оператор болып еңбек еткеніме жиырма жылдан асты. Жұмысым өзіме ұнайды, қиындығы да, қызығы да мол. Бүгін облыс басшысының қолынан алғыс хат алдым. Шынымды айтсам, осындай марапатқа ие болам деп ойламаған едім. Өте қуаныштымын, еңбегімнің бағаланғанына ризамын! Барша әріптестерімді кәсіби мерекемізбен құттықтаймын! – деді арнаның ардагер операторы Александр Кәрімов.
Фото: Махаббат Ахметжанова