Абайдың өскен ортасы
Фото: e-history.kz
Абай ортасы, ақынның алған нәрлері дегенде ерекше аталатын ақынның бірі – Шөже Қаржаубайұлы (1808-1895). Шөже – күшті ақын. Әсересе оның бетке айтар турашылдығы Абай жанына жаққаны анық. «Абай жолында» сыннан аман қалып өз атымен аталған Шөже Алшынбай мен Құнанбайды өткір тілмен шенеген тұсын жазушы ұтымды суреттейді. Бетке айтар шындықты ту етіп ұстаған Шөжелер мен сөз сынына ілінген Алшынбай, Құнанбайлардың арасын алшақтатып, бір-біріне қарсы қою идеясы кеңестік әдеби идеологияның ұстанған негізгі қауы еді. Ол қарудың да бүгінгі көзқарастар көкжиегінде қауқары кеткеніне біраз болды. Асан қайғыны Жәнібекке, Бұхар жырауды Абылай ханға, Шөжені Құнанбайға қарсы қойып, ақын мен әкім арасындағы шындық деген ұғымға біржақты қарағанымыз жасырын емес. Ақын тарапынан шындықты айту бар да, соны ел билігін қолына ұстаған Құнанбай ердің қабылдауы, дәлірек айтқанда қабылдай алуы тағы бар. Алшынбай бидің ақыны Балтаның соқыр, соқыр дегеніне қарата:
Кіс аспас пара алуға Алшынбайдан.
Жалғыз соқыр халыққа жайсыз болса
Құтылсаңшы алдымен Құнанбайдан,
дейтіні бар Шөженің. Соны ту қып ұстап Құнанбай мен Шөжені тас қорғанның екі жағындағы жау қып, бітіспес өштігі бар адамдар етіп көрсетудің жөні жоқ. Керек десеңіз Балта мен Шөжені айтыстыратын осы -Құнанбай мен Алшынбайдың өзі. Қарақан басының кемдігін бүркеуге ақындардың аузына құм құятындай сонау әділет сүйер хандардан бастап Құнанбай, Алшынбайларда да қауқар бар-ақ. Бірақ аталы сөзді баталы елдің баласы бұғауламайды. «Мен соқыр болсам, Құнанбай да соқыр» – деген дәл Шөженің айтыс үстіндегі сөзін Құнанбай кек алмағаны анық. Әйтпесе, бетіне айтпақ түгіл Құнанбайдың көзіне тиісетін замандасы саусақпен санарлық. Аз ғана шегініс жасасақ, Оразбайды арбаның артына таңып қаладан әкелетін Оспанның қырсығын Оразбай Құнанбайға ас бермегенін меңзеп: «Соқыр көрсе Абай екеуінің жыны бар емес пе? Бірін аштан өлтіріп еді, енді міне», -дейтінін еске алыңыз. Ол сөз де Құнанбай өлген соң айтылған.
Екінші әңгіме Тана мырза мен Құнанбай арасында болған. Тана Тілемісұлы (1801-1868) Найманның Қаракерей – Мұрын тармағынан шыққан Байжігіт-Мұрынның атақты биі, болыс болған. Орыстан поручик шенін алған. «Мұрын жерінде үш бірдей мешіт салдырған. Тұңғыш мектеп салған да Тана мырза. «Ақ мектеп» орны әлі бар» (4,73-74).
Еліне жақсылығы өтіп, халқы оны Тана мырза деп атаған. Бұл туралы Қ.Алтынбаев былай дейді: «Танаға «мырза» деген атақты татарлар берген тәрізді... Мұндай атақтың берілу себебі, ол ұзақ сапарға барарда және қайтарда жолындағы кедей-кепшіктерге, жетім-жесірлерге олжадан үлестіріп отырады екен. Әсіресе, патшаның әскери міндетінен қашқан татарларға көп жақсылық жасапты. Оларды өз старшынының адамы деп жаздырып, бірнешеуін үйлендірген. Тіпті кедейлерінің алдына мал салып берген. Қысқасы, өзіне қысылып көмек сұрай келгендерді мүмкіндігінше жарылқап жіберетін болса керек». Құнанбай мен Тана мырзаның достығы, сыйластығы ерекше болған. Өскенбай бидің асын басқарған адамның бірі Тана мырза болған. Тана мырза 1863 жылы Көкпекті-Самар жерінде мешіт салдырып (Қ.Алтынбаевтың айтуынша аға сұлтандықтан өтпей өкпелі жатқан Тананың қайғысын серпілту үшін бәйбішесі Бостан осы мешітті тұрғызған дейді Б.Е.) «Тана мешіт» ауылына досының көңілін жұбата, әрі салынып біткен мешітке құтты болсын айта Құнанбай қасына жиырмаға толмаған Абайды ерте келеді. Осы сапарында Абай Тана мырзаның інісі Жәнібек батырдың қызы Тұржан сұлуға ғашық болады. Тана мырзаның бауырында өскен ерке қыз – Тұржан сұлуды жеңгелері «Қаламқас» деп еркелеткен. Екі жас бір-бірін ұнатқан. Абай Ділдаға құда түскен болса, Тұржан сұлу да Байжігіт елінің Өзіхан деген жігітке бала кезінде атастырылған. Әрине, бұл онша қиын кедергі емес еді. Құнанбай мен Тананың «бай байға құяды» деген ішкі ниеттеріне дөп келетін бе еді осы құдалық. Алайда, тағдыр сызығы басқаша қиылады. Тананың ордасының сыртында соқыр түйесін балағаттап «көзіңді..., қу, соқыр» деген біреудің сөзі байласқалы келе жатқан құтты құдалықтың шырқын бұзады. Тананың жік-жапар болып, әлгі жігітке ат-шапан айып кестіргеніне қарамай, Құнанбай Танаға:
Айттым сәлем, қалам қас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап
Келер көзге ыстық жас, -
деп басталып сезімді елітер жақсы өлең әдемі әнмен көмкеріліп қазақ даласын шарлап кетті. Қаламқас қыздың кейінгі тағдыры туралы Қ.Алтынбаев пен Е.Жұмаханұлы еңбегінде кеңірек айтылған.
...Мешіт салып, мектеп ашып, орыстан қашқан мұсылман (татар) ағайындарды бауырына тартқан игі істері бір арнаға тоғысып жатқан ойы ортақ, істер ісінің бағыты бір Құнанбай мен Тананың бұл араздығы алысқа бармағаны белгілі. Ашуын ақылға жеңдірер атпал азаматтар араға жылдар салып құда болысады. Тананың қарындасы Тектіні Құнанбайдың Ысқағы алады. Одан Абайдың адал шәкірті болған Кәкітай туғаны белгілі.
Біздің айтайық деп отырғанымыз, далада жаңғырған жалғыз ауыз сөздің Адам тағдырына, Абай өміріне қаншама бетбұрыс әкелгендігі, Абайдың қолы жетпей кеткен асығы Қаламқастың қазақ сахарасына ән болып самғауына себепкер болды.
Шөже ақынның айтқан соқыры мен Тананың үйінің іргесіндегі жетесіздің айтқан соқырында үлкен айырма барын сұғыла Құнанбай ажыратпады емес.
Шөжеге деген әкенің ерекше бағасын Абай жасынан аңдады. Шөже сөзін өзіне жақын тұтты. Әсіресе, Шөже ақынның:
Ат пен ас, ажарына қарамадым, –
деп бетке айтар турашылдығы Абайды баурап алды. «Абай Шөже өлеңдерімен жас кезінен таныс болған. Оны айрықша қадір тұтып, апталап, айлап қонақ етіп, өлең жырын тыңдаған».
Ә.Марғұлан Абай «Қозы Көрпеш» жырының Шөже нұсқасымен де таныс болғандығын тілге тиек етеді.
Жас Абайдың ел ішіндегі беделін әуелден таныған Шөже ақын:
Ел билеп келе жатыр ақын Абай,- деп тегіннен-тегін өлеңге қоспаса керекті.
Бірін-бірі алыстан аңғартып, тереңнен табыстыратын екі ақынның кеудесін ұялаған ақындық қуат ол – Шөже мен Абай арасын жалғап жатқан сөздің құдіретінде.
Шөженің айтысқа түсетін Қаракесек руынан Балта ақын да - тек Құнанбайдың замандасы емес, Абайға үлкен әсер еткен сөз зергерлерінің бірі. Балта ақын туралы деректер тым аз. Шөжемен айтысында Алшынбай бидің жанынан табылатын Балта ақынның Құнанбайға берген бағасы ел аузында сақталған:
Атың шыққан Үрімнің қақпасындай,
Айтқан сөзің кілемнің тақтасындай.
Кешегі өтіп кеткен би Өсекем
Алтынын тастап кеткен ат басындай.
Балта ақынның атбасындай алтыны – Құнанбай. Осыған ұқсас бір ауыз өлеңді кей естеліктерде Байкөкше ақынның Құнанбай дүниеден өткенде Абайға айтқаны деп келтіріп жүр.
Бауыржан Ердембеков
ф.ғ.д., профессор