Шетелдіктерге жер беру тәртібі
Фото: bing.com
Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 23-бабына сәйкес ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді жүргізу үшін жер учаскелері жеке меншікке Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына ғана (шетелдіктердің қатысуынсыз) берілуі мүмкін, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы, сондай-ақ орман өсіру үшін жер жеке меншік құқығында да, уақытша жер пайдалану құқығында да тек Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына ғана беріледі.
Бұдан басқа Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық аймағында орналасқан жер учаскелері шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына меншік құқығымен тиесілі болмайды.
Қазақстан Республикасының азаматтары шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен неке қиған кезде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық аймағында және шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелеріне меншік құқығы үш ай мерзімде қайта ресімделуге немесе иеліктен шығарылуға жатады.
Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының қатысушылары (акционерлері, мүшелері) құрамына шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам, шетелдік заңды тұлға, Қазақстан Республикасының шетелдік қатысатын заңды тұлғасы кірген кезде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық аймағында және шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелеріне меншік құқығы үш ай мерзімде қайта ресімдеуге немесе иеліктен шығаруға жатады.
Егер шетел азаматы үш ай мерзімде жер учаскесін иеліктен шығаруды жүргізбеген жағдайда, жергілікті атқарушы орган (әкімдік) жерді сот тәртібімен мемлекеттік меншікке қайтарады.
Шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды (мемлекеттiк емес) тұлғалардың жеке меншiгiнде үйлерге (құрылыстарға, ғимараттарға) олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жерлерді қоса алғанда, құрылыс салуға арналған немесе өндірістік және өндірістік емес, оның ішінде тұрғын үйлермен (құрылыстармен, ғимараттармен) және олардың кешендерімен салынған жер учаскелері болуы мүмкін.
Шетелдік жер учаскесін мұрагерлікке алған жағдайда, оның ие бола алмайтын құқығы болса, мұндай жер учаскесі үш ай ішінде иеліктен шығарылуға немесе осындай субъекті иелік ете алатын жер учаскесіне құқыққа қайта ресімделуге жатады.
Осылайша, мысалы, шетелдіктің шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген жер учаскесін мұраға алуы кезінде мұрагер жер учаскесін азаматтық-құқықтық мәміле тәртібімен иеліктен шығаруды жүргізуге, егер мәміле жасау мүмкін болмаса, мемлекетке қайтаруға тиіс (егер мемлекет жер учаскесін берген сәттен бастап 5 жыл өткен болса, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге мәмілелер рұқсат етіледі).
Тұрғын үй орналасқан жер учаскесін мұраға алған жағдайда, шетел азаматы осы жер учаскесі үшін кадастрлық құнына тең ақы төлеуге тиіс.
Шетелдік азаматтар жер учаскелерін (жер заңнамасына сәйкес иеленуі мүмкін) тек ақылы негізде, яғни сатып алу немесе жалға алу арқылы ала алады.